Бүгін Алматы қаласында «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі қызметкерлерінің семинары өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алматы қаласында орналасқан жоғары оқу орындарындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселері қызметкерлеріне арналған семинар өтті.
Шараға Алматы қаласындағы 19 жоғарғы оқу орынының тыңдаушылары қатысқан. Шара соңында қатысушылардың әрқайсысына арнайы сертификаттар табысталды.
Осымен екінші мәрте өткізіліп отырған «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселері қызметкерлеріне арналған семинар үш күнге жалғасқан.
«Өте жақсы, тың идеялар алып жатырмыз. Жобаны жүзеге асыру барысында кездесетін кедергілерді қалай жеңуді, қалай күресуді және оны жастарға насихаттау барысында қандай әдістерді қолдануды үйреніп жатырмыз», – деді Қазақ спорт және туризм академиясының аға оқытушысы Ғалымжан Көпжанов.
Семинарда қазіргі заманғы технологиялардың мәдениетке әсері мен Қазақстан дамуының тарихи жолы талқыға салынды.
Жаттығу-семинардың көздеген мақсаты – қатысушыларға жобаны басқарудың тәсілдері мен құралдары туралы жүйелі білім беріп, практикалық дағдыларды қалыптастыру және университеттердің жобалық кеңселері қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру.
Айта кетейік, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселері бұл – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қолға алынған жоба.
Аталмыш жоба Елбасы мақаласында міндеттелген қадамдарды іске асыруда маңызды рөлге ие.
«Рухани жаңғыру» тәрбие және білім, ақпарат толқыны, атамекен және рухани қазына атты төрт кіші бағдарламадан тұратыны белгілі.
Алматыда өткен «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселері қызметкерлеріне арналған семинары барысында Елбасының бағдарламалық мақаласының негізгі аспектілеріне тоқталды.
Сонымен қатар қоғамдық сананы жаңғырту барысында қойылған тапсырмаларды тиімді жүзеге асыру үшін жобалық бастаманы енгізудің маңыздылығы туралы да кеңінен айтылды.