Биыл Қазақстанда «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына 30 жыл. Осыған орай Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, алқа-қотан жиын өткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев «Тіл» заңының қабылданғанына 30 толуына орай, бірқатар қаламгерлерді, тіл жанашырларын марапаттады.
Атап айтқанда, Алматыдағы бірнеше ақын, жазушылар ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев зиялы қауымды айтулы датамен құттықтап, қазақ тілінің маңыздылығын атап өтті.
«Президентіміз өзінің жолдауында «Қазақ тілі енді жалпы ұлтаралық тілге айналуы керек» деп айтып өтті ғой. Соған да бірте-бірте жетеміз. Оңтүстік өңірлерді не батыс өңірді алсаңыз, негізінен қазақша сөйлейді», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Қалалық әкімдік ұйымдастырған аталмыш шараға жиылған мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, тіл жанашырлары мен қаламгерлер қазақ тілін дамытуда өз ұсыныстарын айтты.
Бірі, заңды қатаңдату керек десе, екіншісі мектептерде қазақ жазушыларының кітаптарын көбейткен жөн дейді. Сондай-ақ, қазақ тілін заман талабына сай дәріптеу де сөз болды. .
«Соңғы 20 жылда мектеп кітапханаларына жаңа әдеби кітаптар түскен жоқ. Оқулықтар және қосымша кітаптар болуы мүмкін Бірақ қазақ жазушыларының кітаптары мектеп кітапханаларында жоқ. Ал, бұл – үлкен проблема», – деді Қазақстан Жазушылары одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов.
Ал аударма мәселесі туралы сөз алған маслихат депутаты Кенжехан Матыжанов аударма ісіне жаңа технологияларды енгузі жайын сөз етті.
«Аударма контенттердің ішінде қазақ тілі тұру керек. Осындай қазақ тілі ешқандай адам ресурстарын қоспай-ақ, технология бойынша аударып отыратын болсақ, онда бүкіл ЖОО білім мазмұндары қазақ тіліне еріксіз көшіп кетеді.
Және жастар қиналмай, білімді игере беретін болады. Осындай дүниеге жететін болсақ, онда қазақ тілінің өрісі кеңейеді деп ойлаймын», – деді Алматы қалалық мәслихатының депутаты Кенжехан Матыжанов.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырып, қала басшысы Бақытжан Сағынтаев қатысқан жиынға Республикалық «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері де қатысқан.
Ана тілінің мерейін өсіріп, қолдану аясын кеңейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналу мәселесіндегі еңбектері үшін марапатталғандар қатарында Асылы Осман, Өмірзақ Айтбаев Мұхтар Шаханов, Кенжехан Матыжанов, Смағұл Елубаев, Телғожа Жанұзақов, Ерден Қажыбек, Мереке Құлкенов, Назгүл Қожабекова, Жұмаш Кенебай, Срайыл Смайылдың есімі аталды.