29 қазанда кешке Шымкентте атыс болып, екі адам көз жұмды, тағы төрт адам ауыр жарақатпен ауруханаға түсті, деп хабарлайды Zakon.kz, «Отырарға» сілтеме жасап.
Оқыс оқиға сағат 17.30 шамасында Арғынбеков көшесінде орналасқан кафеде болған. Куәгерлер екі адамның оқ атқанын айтады. Оқ жаудырған соң ол екі адам қашып, кафеден 300 метр қашықтықта қолдарындағы «Сайга» қаруын бетон блоктар жиналған жерге лақтырып, өздері ізін суытқан.
Кафе аумағы қоршауға алынып, оқыс оқиға орнында Абай аудандық полиция бөлімінің тергеушілері мен криминологтары жұмыс істеді. Кафеде ауласында Toyota Camry 70 және Lexus RX 350 маркалы қымбат екі көлік тұрды. Олардың бірінің салонынан тәртіп сақшылары теңге мен доллар түрінде бір құшақ ақша тапты.
Кафеде өздеріне оқ жауырғандармен атысқан екі адамның бірі көз жұмды. Дерек көздің айтуынша, екінші адам да кейін қайтыс болған. Ұсталғандар бар.
№1 Шымкент қалалық клиникалық ауруханасына оқтан жараланған төрт адам жеткізілген. Бәріне де оқ тиген. Зардап шегушілер - 1989, 1987, 1996, 1984 жылғы азаматтар. Олардың біріне күрделі ота жасалды.