Қарағандыға Қытай Халық Республикасының құрылуының 70 жылдығына арналған фотокөрме әкелінді. «Даңқты жетістіктердің 70 жылдығы» экспозициясы «Алтын Ғасыр» галереясында ашылды (Комиссаров көшесі, 35 А). Ақ-қара және түрлі-түсті 125 фотосурет Аспан асты елінің құрылуы мен дамуы туралы баяндайды.
- Осы 70 жыл біздің ел үшін оңай болған жоқ, біздің халқымыз көптеген қиындықтарды бастан өткерді. Қытай Коммунистік партиясының парасатты басшылығының арқасында біз сәттілік пен өркендеу жолындағы барлық кедергілерді жеңе алдық. Әрине, қазір біз үшін басты міндеттердің бірі - тату көршілік қатынастарды дамыту және қолдау, оның ішінде, Қазақстанмен де. Бұған қыркүйекте ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамыту туралы шешім кепіл, - деді фотокөрменің ашылуында ҚР Қытай Елшілігінің кеңесшісі Сун Чан Донг.
Ол дипломатиялық бөлім елдің мерейтойына орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырғанын атап өтті. Фотокөрмені қарағандылықтардан бөлек, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Шымкент және Павлодар қалаларының тұрғындары да көре алады.
- Біз осы суреттер арқылы еліміздің өткені мен бүгінін көрсеткіміз келеді. Біз қазақстандықтар Қытайды және оның тарихын жақсырақ біліп, өздері үшін жаңа нәрселер ашады деп ойлаймыз, - деп толықтырды Сун Чан Донг.
Көрме үш тақырыптық топқа бөлінген: «Қытай халқы аяққа тұрды», «Жаңа дәуірге табанды және батыл қадамдар» және «Реформалар мен ашықтықтың қолайлы кезеңі». Суреттердің кейіпкерлері - белгілі саясаткерлер, ғалымдар, спортшылар және қарапайым адамдар. Суреттерде тарихи сәттер мен күнделікті өмір көрсетілген.
Тіпті 1949 жылдың 1 қазанында Мао Цзэдун ҚХР Орталық халықтық үкіметінің мемлекетті құруға арналған салтанатты рәсімде декларациясын жариялаған кезде түсірілген сурет те бар. Сонымен қатар архивтелген суреттерде алғашқы қытай жүк көліктері, Мәскеудегі қытай тауарлары бар кәдесый дүкені, электронды баспа жүйелеріндегі зерттеулер де баршылық.
Көрмені алғашқылардың бірі болып қытай тілін оқып жатқан студенттер мен университет профессорлары тамашалады.
- Көрме өте мазмұнды. Қытай халқының өткен тарихын уақыт призмасы арқылы көру өте қызықты. Шілде айында бір топ студенттермен Қытайдың төрт ірі қаласына бардық. Сапарды мәдени делегация аясында Қытай Елшілігі ұйымдастырды , - дейді Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ қытай тілі оқытушысы Бауыржан Тілеуметов.
Фотокөрме 10 қарашаға дейін жалғасады.