Алматыда қолөнер шеберлерінің «Алтын алма» көрме-жәрмеңкесі өтуде. Аталған шарада ҚР Орталық мемлекеттік музейінде көрші елдер қолөнер шеберлері өз жұмыстарын көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Алтын алма» көрме-жәрмеңкесін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Бақыт» декоративті-қолданбалы өнер орталығы ұйымдастырған.
«Көрмеге Орталық Азия елдерінің 50-ден аса мықты қолөнер шеберлері өз бұйымдарын алып келді. Әсіресе қолдан жасалған кәдесыйлар, былғары, ағаштан жасалған бұйымдар қойылады. Біз осымен он жылдың көлемінде Орталық мемлекеттік музеймен бірігіп осы көрмені өткізіп келеміз. Жылына түрлі тақырыппен осындай 3-4 көрме өткізілуде. Шеберлер әр келген сайын өздерінің жаңа туындыларымен бізді таңқалдыруда, осы жолы да керемет көрме өтеді деген ойдамыз» дейді «Бақыт» декоративті қолданбалы өнер орталығының менеджері Күнсұлу Әбдікәрім.
Көрме-жәрмеңке тақырыптық атаулар бойынша бір жылда төрт рет өтеді: көктемде – «Қызғалдақтар уақыты», жазда - «Жібек жолы», күзде - «Алтын алма» және қыста - «Шығыс базары».
«Мұндай шаралар Орта Азия елдері арасында экономикалық және мәдени байланыстарды дамытуда үлкен маңызға ие. Алматы бір жыл ішінде бірнеше рет түрлі мемлекеттердің қолданбалы өнер шеберлерінің орталығына айналады. Біздің музейде көптеген көрмелер өтіп тұрады, оның ішінде халықаралық көрмелер де бар. Соның бірі «Бақыт» орталығымен бірігіп өткізетін қолөнер шеберлерінің көрмесі. Бұл жыл мезігіліне байланысты жылына төрт рет өтеді. Мұның алдында Жастар жылына арналған көрме өткізген едік. Ол жас суретшілер мен шеберлерді қолдау мақсатында өтті. Осы жолы күз мезгіліне байланысты «Алтын алма» атты көрме-жәрмеңкені өткізгелі отырмыз. Біз құндылықтарымызды сақтау, жас буынға жеткізу мақсатында осындай көрмелерге қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ, бұл көрші елдермен байланысты нығайтуға септігін тигізеді. Өйткені шеберлер жан-жақтан келеді. Олар өз заттарын сатып қана қоймайды, көрермендерге арнап шеберлік сағаттарын өткізеді» деп атап өтті Орталық мемлекеттік музейдің баспасөз хатшысы Ақмарал Айдынбаева.
Жәрмеңкеге Қазақстанның, Қырғызстанның, Тәжікстан мен Түркменстанның, Өзбекстан мен Ресейдің және Грузияның шеберлері жасаған сыйлық және сувенир бұйымдар қойылады, олар: киім, панно, гобелендер, киіз бен теріден жасалған бұйымдар, тоқылған заттар, зергерлік бұйымдар, бижутерия және басқалары.
Ұсынылатын сувенирлік бұйымдардың негізгі тақырыбы – алмалар. Өйткені, алма - Алматының басты символы.
Декоративті-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сыныптары қатар өтетін болады. Айта кетейік, қолөнер шеберлерінің «Алтын алма» көрме-жәрмеңкесі үш күнге созылады деп жоспарланған.