20.10.2019, 13:58

«Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті

Фото: pixabay.com
Жәрмеңкеге қала бойынша отыздан астам мекеме мен ұйым қатысып, 120-дан астам бос жұмыс орындарын ұсынды.

Алатау аудандық Халыққа қызмет көрсету және Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығы бірлесе отырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесін өткізді, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Күзгі «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесіне жұмыс ұсынып отырған мекемелердегі бос жұмыс орындарының еңбекақы мөлшеріне қарасаңыз, атқаратын қызметі үшін төленетін еңбекақылары жаман емес секілді. Қарапайым деген «Оңай» бақылаушысының ай сайынғы алатын айлығы жоғары білімді дәрігерден көп. Университет бітірген жас дәрігер 60 мың алса, «Оңай» бақылаушыларының айлығы жүз мыңнан жоғары. Ал кейбір қонақ үйлердегі тазалаушы мен кір жуушының айлығының өзі жаңа біз айтқан жас дәрігер мен мұғалімнің айлығынан көп, 120-130 мың теңге.

«Рахат» кондитерлік фабрикасының кәмпит қаптаушыларының да айлығы кәдімгідей әмияның толмаса да, біраз күн тоқ жүруге жарайтындай қаражат. Бірақ жұмыс іздеушілердің көбі «Оңай» бақылаушылары мен коллекторлық, күзет қызметіне қызығушылар қатары көп көрінді. Банк қызметкері болғысы келгендер де баршылық.

Жәрмеңкеге қала бойынша отыздан астам мекеме мен ұйым қатысып, 120-дан астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Олар жұмыс ұсынып қана қоймай, қызметкерлерге қойылатын кәсіби біліктілік талаптар мен жұмысшыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар туралы да айтып түсіндірді. Тіпті, кейбір мекемелер мамандығы жоқ жұмысшыларды оқытуға мүмкіндіктері барын да айтып жатты. Жұмыс жәрмеңкесіне үміт артып келген жүзден астам жұмыссыздар өздері қалаған кәсіпорындарға әңгімелесуге тіркеліп, түйіндеме толтырып, еңбек етуге деген ықыластарын танытты.

«Алматыда жұмыс көп. Мәселен, Құрылыс компанияларына құрылысшы, тас қалаушы, әрлеуші, жолаушылар тасымалдайтын мекемелерге автобус жүргізушілер жетіспейді. Ал халыққа қызмет көрсету саласына қажетті қаншама қызмет түрлері бар. Өткізіліп отырған жәрмеңкенің басты мақсаты сол, өз кәсібін, еңбек жолын таппай жүрген азаматтарға бағыт-бағдар беру» дейді Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығының тұрақты жұмыспен қамту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ф.Сапаров.

Жәрмеңкені ұйымдастырушылар жәрмеңкеге келушілерге тек жұмыс ұсынып қана қоймай, 2017–2020 жылға бағытталған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарын, кәсіптік оқыту бағдарламаларын түсіндіріп, Алматы қаласындағы мекемелер мен ұйымдарға, құрылым мекемелеріне халыққа қызмет көрсету салаларына қандай мамандықтар қажеттілігі туралы ақпараттармен де таныстырды.

Тегтер: жәрмеңке