Бағдаршамға бағынбаған азамат үлкен жол апатына себепкер болды. Қызыл түске өтіп кеткен жүгенсіз жүргізуші Алматының қақ ортасында екі көлікті бүлдіріп ағашқа соғылып, арыққа ұшып кетті, деп жазады КТК арнасы.
Куәгерлердің сөзінше, жүйткіген Lexus бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрса да жоғары жылдамдықпен өтіп кетіп, Lada-ның бүйіріне барып соғылады. Соққыдан көлік бұрылып кетіп, келесі жолақта келе жатқан Mitsubishi-ге ұрылған. Lexus-тің ережені елемейтін жүргізушісі бұдан кейін де қозғалысын жалғастыра берген. Көп ұзамай жиектасқа шығып кетіп, ағашты сүріп өтіп, арықтан бір-ақ шыққан.
Жол апатынан 6 адам зардап шекті – Lada тізгініндегі азамат пен көлік салонындағы 3 жолаушы, Mitsubishi жүргізушісі мен апатқа себепкер болған машинадағы жолаушы. Зардап шеккендердің төртеуі шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілді. Үшеуі амбулаториялық көмек көрсетілген соң үйіне қайтарылды. Ал бір адам ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр.
Ермек Желдібаев, Алматы қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- 36 жастағы ер азамат ауыр хәлде түсті. Көптеген қосарланған дене жарақаты, бұғана сүйегінің сынығы және екі жақтағы бірнеше қабырғаларының сынығы, үш омыртқасының сынығы және травматикалық шок жағдайында түсті, қазір жағдайы ауыр.