31.10.2019, 10:00

Бір аптада 30-дан астам кәріз құдығының қақпағы жоғалды

фото: sputniknews.kz
Әкімдік олардың мекенжайын әлеуметтік желілер арқылы анықтауға кіріскен.

Көкшетаудың көшелерінен үсті ашық кәріз құдықтарын көптеп кездестіруге болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қауіпті орындарды анықтау үшін қаладағы коммуналдық кәсіпорын мамандары арнайы рейд жүргізді. Тек бір аптаның ішінде 30-дан астам кәріз құдығының қақпағы жоқ екені анықталды. 

Көше ортасындағы қақпағы жоқ кәріз құдығына сәби құлап, абырой болғанда аман қалды. Баланың анасы өмірге қатерлі орынды смартфонға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктейді. Көпшілік қызу талқылаған әуесқой түсірілім жауапты мамандарға да жетсе керек. Сол күннің ертесіне кәріз құдығы бітеліп, тіптен үстіне бетон плита тасталды. Алайда, мұнымен мәселе толық шешілді деуге келмейді.

Кәріз құдықтарының күтіміне жауапты кәсіпорын жұмысшылары айына 10 қақпақ орнатылатынын айтуда. Өкінішке қарай, басым көпшілігі ұрланып кетеді екен. Кейбірін бұзақылар сындырып тастаған.  Гүлбахрам Аниева, учаске шебері: 

«Бұл қақпақтар әдетте шойыннан құйылады. Жиі ұрлануының себебі де осында. Тығырықтан шығу үшін кәріз құдығының үстіне бетон плита қойып жатырмыз. Оны қолмен көтеру мүмкін емес».

Жалпы шаһар аумағында жиырма мыңдай кәріз құдығы бар. Оның бес жүзге жуығы қазір ашық күйде жатқаны белгілі болып отыр. Әкімдік олардың мекенжайын әлеуметтік желілер арқылы анықтауға кіріскен. 

Камила Әубәкірова, қала әкімінің кеңесшісі: 

«Үсті ашық кәріз құдықтары тұрған жерлерді әлеуметтік желілердің көмегімен анықтап жатырмыз. Сондай-ақ тұрғындардан айына 30-ға жуық хабарлама желі арқылы қабылданады. Барлығы сол мезетте коммуналдық кәсіпорынға жолданады. Қазіргі уақытта 17 құдыққа қақпақ қойылды. Тағы 18-і бетон плитамен жабылған».

 Рейдтік тексеру өткен бір апта ішінде қақпағы жоқ 33 кәріз құдығы табылды. Қала бойынша мұндай орындардың нақты санын айту әлі ерте. Осыған орай мамандар тұрғындарды аяқ астына сақтықпен қарауға шақырады.