$ 494.87  520.65  4.91

Медеуге ең үлкен Мемлекеттік ту ілінді

Ұйымдастырушылардың айтуынша, тудың нақты Медеуге орналастырылуы тегіннен емес.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлттық баскетбол федерациясының бастамасымен «Nur Otan» партиясының және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Медеу мұз айдынының маңына Алматыдағы ең үлкен Мемлекеттік ту орнатылды. «Жастар жылы» аясында жүзеге асып отырған салтанатты шараға танымал спортшылар мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, тудың нақты Медеуге орналастырылуы тегіннен емес. Себебі, дәл осы жерде отандық және әлемдік спортшылардың қатысуымен жүздеген әлемдік рекордтар орнатылды. Бұл жерде Азиада мен Универсиада өтті.

Шараға арнайы қатысқан «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Көк байрақтың маңызы туралы тебірене сөйледі.

«Алматыда Көк байрақты көтеру символдық мәнге ие. Алматы –Қазақстанның мақтанышы. Дәл осы жерде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің тәуелсіздігін жариялап, мемлекеттік рәміздер, Конституция және ұлттық теңгеміз қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Қазақстанның байрағы көк аспанда самғағанда еліміз үшін, тәуелсіздіктің арқасында жеткен жетістіктеріміз үшін жүрегімізді мақтаныш кернейді». Ұлттық баскетбол федерациясына осындай керемет сый үшін үлкен рахмет!» деді «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.

Шараға қатысқан Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров спорттың арқасында әлемнің көптеген елдерінде болғанын, бірақ оның басты махаббаты өз елі болғанын айтты.

«Бұл жерге қамқор болу және оның өркендеу жолында еңбек ету келешек ұрпақтың еншісінде. Нақ сол жастар спортшыларымыздың Қазақстан Туын желбіретіп, Әнұранын әуелету дәстүрін жалғастырады. Медеуге келген әрбір жерлесіміз желбіреп тұрған Көк туымызды көріп, Отаны үшін мақтанатын болады» деді ардагер спортшы.

Мегаполиске келген әр турист сұлулығымен көпті тәнті еткен Медеуде алдымен желбіреген байрағымызды көреді. Сол арқылы мемлекетімізді таниды. «Сондықтан осындай игі бастама алдағы уақытта барлық облыс орталығында қолға алынады» дейді ұйымдастырушылар.

«Бұл өтіп жатқан шараның тәрбиелік, патриоттық маңызы өте терең, өте зор. Расымен де мұндай алып туды көрген кезде қазақстандық екеніңді мақтан етесің, қуанасың» дейді «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Мади Ахметов.

Айта кетейік Медеуге Мемлекеттік тудың орнатылуы Ұлттық баскетбол федерациясының бастамасымен «Nur Otan» партиясының және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Тутұғырдың биіктігі - 40 метр. Тудың ені - 7 метр, ұзындығы - 14 метр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Медеу