Үстінен қазақы шапанын тастамайтын шымкенттік Рахат Әбдіманат небәрі 16 жасында халық қалаулысы атанды. Білімді және білікті жастардың басын біріктіретін ұйымға қалай тап болғанын жас депутат Stan.kz сайтына берген сұхбатында әңгімелеп берді.
Рахат - өзінің мүмкіндігін біраз салада сынап көрген жас. Атап айтқанда, спорт, дебат, IT технология, ғылымда жеткен жетістіктері аз емес. Ол тек мұнымен шектеліп қалуды жөн көрмеген. 11 сынып оқушысы жақында құрылған Жастар мәслихатына өз кандидатурасын ұснып, үш кезеңде басым дауысқа ие болған.
"Мен сайлауалды бағдарламамда білім мен спортқа көбірек көңіл бөлу қажеттігіне тоқталдым. Қала мектептеріндегі ұйымдарды біріктіру, рухани-танымдық дәрістерді ұйымдастыру туралы ой қозғадым. Ал спортқа тоқталсам, биылдан бастап «Қыран» футбол клубының мүшесімін. Ендігі мақсат – мектеп лигаларын дамыту. Жас депутаттарды сайлау әділ өтті деп ойлаймын. Құжат тапсыру барысында қалалық мәслихатының хатшысы Ғ. Ташқараев мырза бізген ашық және жабық түрде сұхбат ұйымдастырды",-дейді ол.
Рахат депутаттық мандатқа қол жеткізген бойда өзінің өзгелерге үлгі боларлық имиджін жасауға кіріскенін айтады. Сөйтіп, қазақы шапан киюді бастаған.
"Бір айдан асты осылай атамның шапанын киіп жүрмін. Бастапқыда бәрі күліп, біразы мазақтады. Бірақ ағаларым жасы үлкен ұстаздарым осылай жүргенімді қолдайды. Жарайсың деп алғысын айтып жатқандары болды. Біздің жастардың түсінігінде қазақы шапандарды қариялар тек той-жиындарда киеді деген түсінік қалыптасқан. Мен сол стереотипті жою үшін осылай киініп алдым. Мұны өзіміздің ұлттық құндылықтарымыздың бірі деп білемін. «Амантай қажы – 2» деп атағандар болды. Бірақ шапанды оған дейінгі хандар мен билеріміз де киді емес пе? Мен сол тектілерден туған бабаларымыздың ізін жалғап, әділдікті ту етіп жүргім келеді", - дейді халық қалаулысы.
Айта кетейік, жуырда еліміздің үшінші мегаполисінде қалалық мәслихаттың жанынан консультативтік ұйым ретінде жастар мәслихаты құрылған болатын.
Жас депутаттарды қала әкімі Ерлан Айтаханов пен мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев құттықтап, алғашқы отырысын өткізді. Бүгінде 29 депутат әртүрлі салалар бойынша сайланған. Олардың өкілеттілік мерзімі 2 жыл.