«Жастар жылы» және «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев әл-Фараби атындағы іргелі Қазақ ұлттық унивеситетінің алматылық студенттермен кездесіп, ІT-технопарк ғимаратының, «Керемет», «Жасыл технологиялар» және «Жағдаяттық басқару» орталықтарының тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
ҚазҰУ-дың Философия-экономикалық факультетінің кешегі түлегі Бақытжан Сағынтаев өзі білім алған қара шаңыраққа келгендегі әсерімен бөлісті.
«Шынымды айтсам, басқа әлемге кіріп кеткендей болдым. Шыққың келмей қалады екен. Жан-жағың зәулім оқу корпустары, жасыл желектер. Біз отырған аудиториялар мен қазіргі сендер білім алып жатқан аудиториялар мүлдем бөлек. Ондағы техникалар деген заманауи. Қалағаныңның бәрін табасың. Қандай бақыттысыңдар! Жастық – ол өткірлік, ашықтық, еркіндік, тазалық, сұлулық. Ал Алматы – ол сендер!» деген шаһар басшысы Алматы әлемдегі ең дамыған және өмір сүруге қолайлы 100 қаланың қатарына енетінін мәлімдеді.
Қала әкімі Елбасы тапсырмасымен әзірленген «Алматы – 2050» даму стратегиясын ұсынды. Бұл бастама 7 бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. Және әкім ұсынған осынау стратегиялық маңызы бар құжат бүгіннен бастап қоғам талқылауына берілді.
Кездесу соңында ҚазҰУ-дың Жатар ұйымдары комитетінің жетекшісі Нұрсұлтан Бекқайыров Бақытжан Сағынтаевқа университеттің логотипі бедерленген спорттық кеудеше сыйлады.
«Біздің Алматы өнеркәсіптік емес, индустриалды аймақ. Сондықтан бізге дәл қазіргі уақытта көбіне қаржыгерлер, қызмет көрсету саласының мамандары қажет. Біз қазір түрлі саланы қамтитын жаңа технология мен креативті экономиканы қолға алып жатырмыз. Мәдени және креативті экономика – елдің әл-ауқатын жақсартатын қозғаушы күш. Өздерің байқап жүрсеңдер, ІT-технологияның, мәдени, рухани ошақтардың бәрі біздің шаһарда шоғырланған. Мұның бәрі бір сөзбен айтқанда, алып индустрия. Жаңа өздеріңе Алматы қаласын қалай дамыту керектігі жөнінде баяндама оқыдым. Онда бірнеше нақты стратегиялар көрсетілген. Сол бағыттармен кейін асықпай өздерің тағы бір қарап, оқып, зерделеп алсаңдар жақсы болады. Ол стратегиялар сендердің болашақтарың үшін бағдаршам болады деп білемін» деді Алматы әкімі.
Кездесу соңында Алматы қаласының әкімі костюмі мен галустугін шешіп, жастар сыйлаған футболканы киіп алды. Осылайша жастармен еркін әрі ашық әңгімелескен Бақытжан Сағынтаев студенттермен естелік суретке түсіп, әзіл-қалжыңдарын да ұмыт қалдырған жоқ.