Алматыда Түркі әлемі деректі фильмдері IV Халықаралық фестивалінің қазақстандық бағдарламасы өтті. Аталған шараны Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының қолдауымен Түркі әлемі журналистері федерациясы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Шараның салтанатты ашылуына кинематографияның аңызына айналған, түркі әлемінің танымал актері мен режиссері Асанәлі Әшімов, Түркі әлемі журналистер федерациясының президенті Мендерес Демир және басқа да шетелдік құрметті қонақтар, сондай-ақ кинодокументалистер мен фильмдердің авторлары, қоғам мен масс-медиа өкілдері, Алматының студенттері қатысты.
Кинофестивальдің ашылуында сөз алған КазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев Бакуде (Әзербайжан) өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің 7-ші отырысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Түркі келешегі - 2040» бағдарламасына мәдениет, білім және жастар саясатына арналған шараларды қосу қажеттігі жөніндегі пайымдамасымен ұштасатындығын баса айтты.
Ал Түркі әлемі журналистер федерациясының президенті Мендерес Демир әл-Фараби еңбектеріне тоқтала келе, осы тақырып аясында бірнеше ұсыныс жасады.
«Жыл сайын фестиваль өзінің тынысын кеңейтіп біздің елдерімізді рухани жақындастырып келеді. Бұл шара ұлы түркі ойшылы әл-Фарабидің жерінде өткізілуде, оның мұрасы бізді біріктіреді, ол бүкіл адамзат үшін құнды. 2020 жылы әлем оның 1 150 жылдығын атап өтпек, бұл маңызды оқиға келесі кинофестивальдің тақырыбында міндетті түрде көрініс табатын болады» деп атап өтті Мендерес Демир.
Сонымен қатар ол Асанәлі Әшімовке әлемдік кинематографқа және түркі елдерінің мәдени байланыстарын нығайтуға қосқан зор үлесі үшін арнайы сыйлық табыс етті. Қазақстандық бағдарламада кинофестивальдің финалына өткен үздік студенттік және кәсіби деректі фильмдер көрсетіледі.
Айта кетейік, Қазан айының басында Ыстанбұлда (Түркия) ашылған кинофестиваль биыл тоғыз қатысушы елдің жетекші серіктес-университеттерінде өтіп жатыр. Кинофестивальде Түркия, Қазақстан, Түрікменстан, Босния және Герцеговина, Қырғызстан, Әзербайжан,
Өзбекстан, Мажарстан, Македония, Кипр елдерінің үздік жұмыстары қатысуда.
Фильмдер әлеуметтік, мәдени, рухани және қоғамдық маңызды тақырыптар мен жастар тәрбиесін қамтиды.