Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елімізде алғаш рет дәстүрлі медицина мамандарының басын қосқан «Ұлы дала емі» атты республикалық конференция өтті.Конференция жұмысына Польша, Ресей, Түркия және т.б. алыс-жақын шетелден, дәлірек айтқанда, жиырмадан астам мемлекеттен екі жүзге тарта медицина саласының мамандары қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Дәстүрлі медицина саласында еңбек етіп жүрген мамандардың басын біріктіріп, бағыт-бағдар беріп, ұлттық дәстүрлі медицина әдістерін жаңғыртуды, сол арқылы рухани құндылықтардың әлеуетін көрсетуді, халықтың өмір сүру жасын ұзартып, сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметтің жұмыстарын арттыруды мақсат еткен конференция сегіз секцияға бөлініп, ауқымды да тың тақырыптар көтерілді.
«Ұлттық денсаулық сақтау палатасы» басқармасының төрағасы Тимур Құлахметов конференцияның маңызына тоқталып, дәстүрлі медицинаның қоғамдағы рөлін атап өтті.
«Қазір елімізде заманауи медицина жақсы дамып жатыр. Мәселен, Астанада «Ұлттық медициналық холдинг» ашылғанын жақсы білесіздер. Онда Ұлттық кардиология орталығы, Ұлттық нейрохирургия орталығы жән т.б. бар. Ұлттық нейрохирургия орталығы біздің білікті мамандардың арқасында әлемдегі ең үздік он мемлекеттің қатарына енді. Дүниежүзінде әлі жасалмаған оталарды да жасап жатыр. Бұл Үкіметтің ақ халатты абзал жандарға көрсетіп отырған қолдауының нәтижесі. Ал дәстүрлі медицинаға келсек, қазір халықтың көбі ата-бабамыздан келе жатқан ем түріне бет бұрды. Ол бізге таңсық емес. Сан ғасырдан бері келе жатқан тірлік. Сүлікпен емдеу, инемен емдеу, әртүрлі шөппен емдеу, араның балы, тіпті араның шаққанының өзі пайдалы. Шығыс, корей, қытай, вьетнам медицинасы дейміз, қалай болғанда да халықтың дәстүрлі емі мен заманауи медицина бір-бірінен алшақ кетпейді. Қайсысын алсаңыз да, халықтың денсаулығын көтеруге өз үлесін қосады. Елбасының да, Президенттің де алға қойып отырған мақсаты – халқымыз аман, дені сау болып, ұзақ өмір сүруі ғой. Құрамына заманауи емханалар мен дәстүрлі медицина мекемелері енетін Ұлттық денсаулық сақтау палатасының да міндеті, Елбасы тапсырмасын орындау, біз қолымыздан келгенінше осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жерге жиналғандардың барлығы медициналық жоғары білім алған, кәсіби дәрігерлік білімі бар, білікті мамандар. Сондықтан бұл жиынның маңызы өте жоғары» деді Тимур Құлахметов.
Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында халық санының 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жеткенін атап өткен еді.
«Бал-Ара» Қазақстан омарташылар Ұлттық одағы мен Еуропалық омарташылар одағы, Апиславия қоғамдық ұйымдары федерациясының вице-президенті Ғабит Нұрәділ Жапонияда мектеп қабырғасында әр оқушыға 20 грамнан бал берілетінін, осы өніммен қоректенудің арқасында адам ағзаларының клеткалары жас күйінде қалып, оның өмір сүру қабілеті, өмір сүру ұзақтығы артатынын мысал ретінде келтіріп, елімізде осы кәсіпті дамыту қажет екеніне назар аударды.
Жиын барысында ҚР ҰҒА академигі, Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдар мен медициналық техниканы сараптау жөніндегі Ұлттық орталығының бас клиникалық фармакологы Р.Күзденбаева, Алматы қаласы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Н.Балғымбаев, халықаралық «Жас-Ай» медицина орталығының бас директоры Ж.Зекейұлы, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің дәстүрлі медицина кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы Н.Қоңыртаева, «Қазақ елі» халықтық палатасы басқармасының төрағасы Б.Нұғыман және т.б. сөз сөйлеп, дәстүрлі медицинаның озық үлгілері жөнінде әңгімеледі.