Алматы қаласы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Қазақстанның киелі жерлері» бағыты бойынша журналистика факультеті мен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Киелі Алтай» фотокөрмесі ашылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Фотокөрмені «Фотоөнер» ҚБ төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы, журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, Қытай Халық Республикасы «Алтай» этно-фотография қоғамының төрағасы Серік Мұқышұлы, Қытай Халық Республикасы «Алтай» этно-фотография қоғамының мүшесі Екпін Хасенжан, кәсіби фотограф Оңғарбек Алхаров ашты.
Көрмеге Алтай мен Атыраудың арасындағы фотоөнеріне қызыққан және осымен кәсіби түрде айналысып келе жатқан жастардың 30-ға жуық еңбегі қойылған.
«Біз «National Geographic Qazaqstan» журналының ерекше ұсынысымен Қазақстанға шақырылған едік. Мақсат - елдің бірқатар қалаларын қырық күн бойы суретке түсіріп, журналға кәсіби суреттер ұсыну. Оған себепші болған да біздің байырғы серіктесіміз - «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі. Бүгін міне, сол бірлестіктің ұйымдастыруымен өтіп жатқан фотокөрмеге шақырылып отырмыз» деді Қытай Халық Республикасы «Алтай» этно-фотография қоғамының төрағасы Серік Мұқышұлы.
Бұл көрмеде жастардың фотосуреттері қойылған екен, болашақта осылардың арасынан мықты фотографтар шығады деп сенім білдірген «National Geographic Qazaqstan» журналының өкілі қара шаңырақтағы қуанышпен құттықтады.
«Мен де осы университеттің түлегімін. Қазір отандық «National Geographic Qazaqstan» журналына келгеніме төрт жылға жуықтап қалыпты. Сол журналдың арқасында Асылхан Әбдірайымұлы бастаған қазақ фотоөнерінің шеберлерімен танысып, жұмыстары АҚШ-тағы Бас офистің сұрыптауынан өтіп, әлемнің 80 еліне тарап жатыр. Соған қуанамыз» деді «National Geographic Qazaqstan» журналының өкілі Дәурен Құдайберген.
ҚазҰУ-дағы фотокөрменің соңында, 2018 жылдың әлемнің 10 үздік фотографтары қатарына енген Қытай Халық Республикасы «Алтай» этно-фотография қоғамының төрағасы, фотоөнер магистрі Серік Мұқышұлының журналистика факультетінде «Суреттер сөйлейді» атты шеберлік сабағы өткізді.
Еске сала кетейік, биыл еліміздегі жас фотографтар Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданына «Киелі Алтай: Берел-2019» фото блог-турына қатысып қайтқан болатын. Шара республикалық «Фотоөнер» ҚБ, «Шығыс Ақпарат» медиахолдингі, «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қолдауымен өткен болатын. Бір аптаға созылған ізденіс сапары ҚазҰУ-да қорытындыланып отыр. Бұл көрме соның жарқын көрінісі. Аталған көрме бір апта көрерменге ұсынылады. Одан кейін көрме Семей мен Өскемен қалаларында жалғасады.