Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының аясында ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында ақын, қазақ әдебиетінің классигі Ілияс Жансүгіровтің туғанына 125 жыл толуына орай әдеби кеш және Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының бастамасымен жарық көрген «Үш арыс» кітап-альбомының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Болат Жүнісбекұлы ашса, жиынның модераторы «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының өкілі Асқар Тұрғанбаев болды.
Айта кету керек, «Үш арыс» кітабының идея авторы, «ТҮРКСОЙ» Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов кітаптың алғысөзінде: «Өткен жылы заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына орай, «Айтматовты оқығанда» атты жаңа жоба бастадық. Бұл жобаның ерекшелігі – әдеби туындыны қылқалам шеберінің көзімен тану. Биыл бұл жобаны қазақ әдебиетінің «Үш арысы», «Үш бәйтерегі» аталған, үшеуі де бір жылда жарық дүниеге келіп, бір жылда сталиндік репрессия құрбаны болған Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің әдеби мұраларына арнауды жөн көрдік. Шығармашылықтарының шыңында тұрып, көркемдік әлеуетін аша алмай, жазықсыз жазаланған бұл тұлғалардың тағдыры ұлттық әдебиет үшін орны толмас өкініш екені анық. Кезінде жаңа қазақ әдебиетінің негізін салған үш алыптың биыл туғанына 125 жыл толып, бұл мерейтойды республика көлемінде жоғарғы деңгейде атап өтуде. Тәуелсіздік кезеңінен кейінгі кеңестік мұраны қайта саралау дәуірінен өтіп, кез келген шығармашылыққа объективті баға бере бастаған бүгінгі уақытта өткен ғасырдағы және қазіргі заманғы белгілі отандық қылқалам шеберлерінің аталған ақын-жазушылардың әдеби шығармаларын оқи отырып, дүниеге әкелген көркемсурет туындылары «Үш арыстың» мерейтойына Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы тарапынан тартылған сый деп қабыл алыңыздар» деген екен.
Жиын барысында жоба директоры Берік Барысбеков кітапты шығарған шығармашылық ұжымға, қажет суреттерді салған суретшілер тобына, демеушілерге алғысын айтып, кітаптың бояуы мен реңкін сақтау үшін Германияның сапалы полиграфиясында тасқа басылғанын, кітапты шығару жұмысындағы жаңалықтарымен бөлісті. «Үш арыс» кітап-альбомының лентасын Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов, мәдениеттанушы-ғалым, дипломат Мұрат Әуезов, Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят Жансүгіров кесті.
«Үш арыс» кітап-альбомына демеушілік еткен Сәкен Сейфуллиннің туыстары да өз лебіздерін білдірді. Шара аясында Ұлттық кітапхананың қорынан Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Халық өмірінің қаһарман жыршысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, түркітілдес халықтардың диаспораларының өкілдері, кітапхана оқырмандары мен БАҚ өкілдері қатысты.