$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда халықаралық этнофестиваль өтіп жатыр

Этнофестивальде түркі әлеміне белгілі жыр-дастандардан үзінділер орындалды. Әр өнерпазға 10-15 минут уақыт беріледі.
Фото: Бостандық ауданы
Фото: Бостандық ауданы

Алматыда «Ұлы дала елі» Халықаралық этнофестивалі өтіп жатыр. Фестивальді «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде Алматы қаласының Мәдениет басқармасы мен «Ел» продюсерлік компаниясы ұйымдастырған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан бұл фестиваль дәстүрлі өнерді сақтау мен дамытуға, шығармашылық адамдарды жақындастырып, ежелгі жыршы мен термеші өнерді дәріптеуге ықпал етеді.

Этнофестивальде түркі әлеміне белгілі жыр-дастандардан үзінділер орындалды. Әр өнерпазға 10-15 минут уақыт беріледі. Ал, тарихта белгілі «Манас», «Көрұғлы» сынды жыр-дастандар түпнұсқасында бірнеше күн жырланатын болған. Мұнда жарты млн-ға жуық өлең жолдарын жатқа айтумен қатар оқиға желісін жеткізу шеберлігі де өте маңызды-дейді жыршылар. Осымен жетінші рет ұйымдастырылған «Ұлы дала елі» халықаралық этнофестивалінде биыл эпикалық туындылар жырланды. Сонымен қатар, белгілі жыршылар ел алдына өздерінің шәкірттерін алып шықты. Ұстазы бастаған жыр-дастанды, шәкірттері іліп әкетіп, жалғастырды.

«Түркі халықтарында осы жыршылық дәстүр деген кереметтей кеңінен қанат жайған өнер. Өйткені мына әсіресе эпикалық, батырлық дастандар түркі халықтарының ішінде өте көп. Соның ішінде қазақ халқының өзінде қазір 70-тен астам батырлық эпостар бар. 100-ге жуық тарихи жырлар бар. Сонда біз әлемдегі батырлық дастандардың саны жағынан алдыңғы орындағы халықтың біріміз. Біз енді сол кереметтей асыл мұрамызбен халықты таныстырғымыз келеді» дейді «Ұлы дала елі» халықаралық этнофестивалінің продюсері Базарбек Атығай.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында бастау алған фестиваль биыл «Аманат» атауымен жетінші рет ұйымдастырылды. Шараға жиналғандардың қарасы көп болды. Олар орындаушыларға қызу қолдау білдіріп, мерекеге ерекше атмосфера берді.

«Бұл фестиваль дәстүрлі өнерді сақтап қалуға және дамытуға ықпал етеді. Шығармашыл адамдарды жақындастыра түсіп, жыршылық-термешілік көне өнерін насихаттайды. Бұл бағыт, әсіресе еліміздің батыс өңірінде жақсы дамыған. Онда балаларын осы өнерге 3 жастан бастап үйретеді. Тақырыбын кездейсоқ таңдағанымыз жоқ. Ата-бабаларымыз бұл өнерді аса қастерлеп, өз оқушыларына ерекше көңіл бөліп келген. Осы дәстүрді сақтай отырып, бұл жолы шәкірт пен ұстазды сахнаға бірге шығаруды жөн санадық. Бұл – өте қызықты» деді қазақстандық қатысушы Ұлжан Байбосынова.

Айта кетейік, «Ұлы дала елі» Халықаралық этнофестиваліне Қазақстан, Иран, Түрікменстан, Башқұртстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен барлығы 20-дан астам орындаушы қатысып жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#фестиваль