Бүгін Алматыда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында өткен «Жомарт жүрек» байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Байқау әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды, денсаулығында мүгедектігі бар тұлғаларды қолдайтын ұйымдарды, кәсіпкерлер мен меценаттарды, еріктілерді және тарихи ескерткіштер мен мәдени орталықтарды қалпына келтіруге үлес қосқан белсенді азаматтарды ынталандыру, қайырымдылық идеяларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған.
Алматыда «Туған жер» арнайы жобасының қайырымдылық жасау жұмысына 130-дан астам тұлға тартылған. Оның ішінде 40-тан астам қоғамдық ұйым бар.
Марапат 5 номинация бойынша табысталды. «Жыл меценат» номинациясында аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлерге қайырымдылық көмек бергені үшін Олег Тунгусов марапатталса, «Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша жүлдесі екі жыл бойы қала тұрғындарының істен шыққан компьютерлерін жинап, қайта құрастырып, оны көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар азаматтарға сыйға тартқан (барлығы 274 компьютер) Равиль Насифулинге, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы бойынша2006 жылдан бері мүгедектігі бар балалар мен кәмелет жасынан асқан азаматтарға көмек беріп, мүгедектігі бар тұрғындарға бағытталған 400-ден астам жобаны іске асырған «Рух» қоғамдық бірлестігі, «Ерен еріктілік» номинациясы бойынша «Волонтерлар лигасы» қоғамдық қорының жетекшісі Айсұлу Ерниязова, «Туған өлке» номинациясымен «№13 жол-құрылыс басқармасы» акционерлік қоғамының басшысы Михаил Грачевқа берілді. Михаил Грачевтың басшылығымен 28 гвардияшы-панфиловшы мен Бауыржан Момышұлы ескерткішінің алдына, Офицерлер үйі мен Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптары музейінің сыртына жарық тартылған.
«Қайырымды іспен айналыстын жандар саны артса екен деймін. Бірақ, көпшілігі өздерінің көрсетіп жатқан көмектерін жария еткісі келмейді. Ал, менің ойым басқа. Қазір осындай әрекеттермен үлгі болатын кез. Мен істен шыққан компьютерлерді қайта құрастырып, мұқтаж жандарға сыйға беремін. Менің бұл идеямды өзгелер де жалғастырса деген ойым бар» деді «Жыл тұлғасы» номинациясы жеңімпазы Равиль Насифулин.
Жеңімпаздарға сыйлығын табыстаған «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай өз алғысын білдірді.
«Халық жазушысы Шерхан Мұртаза бізге: «Алдымен халыққа пайда ойла. Сенің пайдаң соның ішінде» дейтін. Халыққа жақсылық істеген осындай азаматтар барда қоғам жақсарады. Мұның сыртында біз білмейтін азаматтар қаншама?! Ізгілікті насихаттайтын шаралар жалғасын тапсын» деді Қали Сәрсенбай.
Айта кетейік, байқау жеңімпаздары онлайн дауыс беру арқылы анықталды.