Бүгін «Ұлы дала елі» халықаралық жыршылар этнофестивалінің продюсері Базарбек Атығай бір сұмдық мәселенің ұшын шығарды. Ол facebook парақшасына гомосексуализм насихатшысы Ювал Харраридың «Sapiens Адамзаттың қысқаша тарихы» атты кітабы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілінде жарық көргенін айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық сериясымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында (әлбетте мемлекеттің қаражатына) Ювал Харраридың Sapiens «Адамзаттың қысқаша тарихы» атты кітабы қазақ тілінде жарық көріпті. Бұл кітаптың авторы Харрари – әлемге әйгілі гомосексуалист, сөзі, қолы жеткен жерінде гомосексуализмді насихаттаушы әрі өзі Исак деген тағы бір еркекке ресми үйленген еврейдің философ-жазушысы», - деп бастаған автор бұл жазбасын.
Ол берген анықтамаға сүйенсек, Ювал Харрари дегеніміз – «дінге қарсы, әлемде Жаратушы жоқ деп есептейтін, адамзат тарихына басқаша, «дерзкий» көзқарастармен қарайтын адам баласы».
«Жарайды, оның гомосексуалист болуы – өзінің таңдауы дейік, Құдай жоқ десе, ол да өзінің таным-түсінігінің деңгейі. Жер бетін мыңдаған атеистер жайлаған, Адамзат баласы өзінің көрін дыбыстық жылдамдықпен қазып жатқан алағай-бұлағай заманда оның бәрі таң емес... Адамда таңдау еркі бар! Абай атам айтпақшы: «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы!».
Менің миым жетпей, санамды сан-саққа бөліп отырған мәселе – бұл кітаптың Мемлекеттік «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасына қатысы қанша деген сауал... Аударып, төңкеріп, ақтарып, парақтап, көз жүгіртіп оқып көрдім...
Харраридың «Жебеуші, Аруақ, анау-мынау дегенді қайтесің, одан да қымбат уақытыңды дұшпандарыңмен айқасуға, нақсүйеріңмен ұзағырақ уақыт ойнап-күлуге жұмсамайсың ба...» - деген сияқты пікірлері мен біздің «Рухани жаңғырудың» сабақтастығын таба алмадым...
Мүмкін, Сіздер тауып бересіздер, Ардақты ағайын!» - дейді Базарбек Атығай.
Осылайша, көптің көкейге қонар пікірін білдей бір халықаралық жыршылар этнофестиваліне продюсерлік етіп отырған ұлт пен тіл жанашыры күтіп отырғанда, ол кітапқа қатысты бірдеңе білетіндердің «тілін тістеп қалғаны» жарамас. Әсіресе, «Рухани жаңғырудың» басы-қасында жүрген азаматтар не дер екен?