Астанада салынып жатқан жаңа темір жол вокзалының бағасын "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Асқар Мамин айтты.
"Вокзалдың құны бірнеше компоненттен тұрады. Қазіргі таңда нысанның құрылысы жүріп жатыр, негізгі қаңқасы тұрғызылды. Кешегі аптаның сенбісінде ғана осы нысанда жиын өткіздім. Ғимараттың негізгі құны шамамен 50-60 миллиард теңге тұрады. Қазіргі таңда бұл баға әлі де болса нақтыланып жатыр, мен тура қанша теңге екенін айта алмаймын" деді А.Мамин Астанада өткен брифинг барысында.
Ол сонымен қатар, жаңа темір жол вокзалының 2017 жылы EXPO-2017 көрмесінің қарсаңында пайдалануға берілетінін де атап өтті. Төрағаның айтуынша, негізгі құрылыс 2016 жылдың аяғына қарай аяқталуы тиіс.
Айта кетейік, Астана іргесінде салынып жатқан жаңа вокзал жолаушылар үшін барынша қолайлы болмақ. Пойыздар вокзал ғимаратының ішіне дейін кірсе, лифт пен эскалаторлар ғимарат ішінде кептеліс тудырмайды. Сондай-ақ, көлігімен келген жолаушыларға да барлық жағдайлар қарастырылған.