Қазақстанда ауадағы зиянды қалдықтардың 24 пайызы немесе 305 мың тонна өнеркәсіп қалдығын Теміртау шығарады, деп жазады Азаттық.
Бұл деректі 31 қазанда Теміртауда экология мәселесіне арналған жиында экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Примкулов айтты.
Шенеуніктің айтуынша, қалада зиянды қалдықтардың басым бөлігін "АрселорМиттал Темиртау" шығарады. Үкімет өкілдерінің түсіндіруінше, ауаның қатты ластануына тазарту құрылғыларының дұрыс істемеуі және табиғатты тазарту шараларының уақытында өтпеуі себеп.
- Аймақта 17 ірі жер қойнауын пайдаланушы бар. Қалдықтың төрттен бірін Қарағанды облысы шығарады. "Арселордың" ("АрселорМиттал Темиртау" - ред.) айтуынша, қалдық заттар азая бастағанмен ауа сапасы жақсармай отыр, - деді экология министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Жиынға қатысқан қала белсенділерінің айтуынша, қазіргі кезде ауаны ластайтын компанияларға құрылғыларын жаңартудан гөрі айыппұл төлеу оңайырақ. Экология министрлігі жаңа экологиялық кодекс әзірлеп жатқанын айтып, бұл құжат компанияларды фильтр орнатып, жаңа технология енгізуге жетелейді деді.
Металлургия комбинаты ғана емес, Қарағанды аймағында шахтерларға да жұмыс беретін "АрселорМиттал Темиртау" компаниясының бас директоры Вадим Басин компания ауаға шығатын қалдықтарды азайтуға күш салып отыр деді.
- Шаң-тозаңды негізінен аглоөндіріс, ТЭЦ ПВС және ТЭЦ-2 шығарады. Біз құрамында күкірт мол кездесетін мазуттан бас тартайық деп отырмыз. Бұған қоса, Қарағандыдағы көмір бассейнінде жұмыс істеп жатқанымызды ұмытпауымыз керек, бұл көмірден көп күл шығады. Табиғи газға көшкен кезде мәселені шешеміз. Ал Костенко атындағы, "Абай" шахталарының жағдайы не болады? Оларды жабуға тура келе ме? Ол халыққа қалай әсер етеді? - дейді "АрселорМиттал Темиртау" компаниясының бас директоры Вадим Басин.
Теміртаудағы жиынға қатысқан жергілікті эколог Дмитрий Калмыковтың айтуынша, Украина мен Қазақстанда істейтін АМТ-ның (үндістандық миллиардер Лакшми Митталға тиесілі) екі металлургиялық зауыты осы компанияның басқа елдердегі комбинаттарына қарағанда көбірек қалдық шығарады.
Жиын соңында ғана сөйлеуге мүмкіндік алған тұрғындар ауаны ластаушы компаниялар төлейтін айыппұл облыстық бюджетке емес, Теміртау бюджетінде қалып, жергілікті экологиялық мәселелерге жұмсалуы тиіс деді. Олар ауадағы зиянды заттардың мөлшерін көрсететін онлайн-мониторинг ашу мәселесін де қозғады. Тұрғындар "халық нені жұтып отырғанын білуі тиіс" деді.
- Адамдар Теміртаудан бірінші кезекте экологияға байланысты қашады. Экология бұл әлеуметтік мәселе. Ақшасыз ешнәрсе істей алмаймыз. Егер компания төлеген айыппұл мөлшері яғни, төрт миллиард теңге қала экологиясына жұмсалған болса, қаламызда жасыл-желек көп болушы еді. Ақша Теміртау бюджетінде қалсын, экологиялық мәселелерді шешуге жұмсалсын, - деді Теміртау белсендісі Елена Варганова.
Жиын соңында сөйлеген тұрғындар қала экологиясы туралы эмоцияға беріліп сөйледі. Олар шенеуніктерге өткен қыста жауған қара қар туралы да айтты.
Тұрғындардың бәрі сөйлеп үлгермеді. Шенеуніктер жиын регламентін алға тартып, ұзаққа созылған жиында "уақыт тапшы болды" деумен болды.