Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жастар жылына бөлінген 300 млрд теңгеге жуық қаражаттың қалай игерілгенін 2020 жылдың қаңтарында айтамыз дейді.
Айта кетейік, депутат Гүлшара Әбдіқалықова жастар жылына биыл республикалық бюджеттен 292 млрд теңге бөлінгенін айтқан. Осы қаражат жастарды арендалық баспанамен қамтуға да бағытталады.
Дәурен Абаевқа журналистер Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларында айына 5-15 мың теңге төлейтін арендалық баспана алу үшін міндетті тіркеу, жұмыс орнынан анықтама, жалақы туралы бірқатар талап қойып отырғанын, ал жастар ол талаптарға сай келмейтінін айтып, сұрақ қойды. Министр болса, «баспананы жеребе тастап таратамыз ба, сонда?» деген таңданысын білдіріп, мемлекет қойып отырған талаптар орынды екенін, жас маман өзінің жұмысқа қабілетті екенін көрсетуі керек дейді.
Ал Дәурен Абаевтың өзі ең алғашқы жұмысынан 12 мың теңге жалақы алыпты. Бірақ, ол пәтерақысына жетпеген екен.
«Бәріміз де қалаға келдік. Мен де келіп, жас маман ретінде жұмыс істедім, ұмытпасам, 12 мың теңге жалақы алдым. Ал пәтерақы 15 мың теңге болған. Бірақ, маған ата-анам көмектесті», - дейді ол.
Дереккөз: azattyq-ruhy.kz