$ 494.87  520.65  4.91

Атыраудағы сәби өлімі: облыс әкімі перинаталдық орталықтың қазіргі жағдайын мәлімдеді

28 дәрігермен түсіндіру жұмысын жүргізудеміз.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облыстық перинаталдық орталықтан бірде-бір дәрігердің жұмыстан шықпағанын, перзентхананың штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын айтты, деп жазады Holanews.kz.

"Перинаталдық орталық жабылған жоқ. Оның тек бір қабаты ғана санитарлық нормаларға сәйкес келмегендіктен жабылды. Ал сол жердегі жүкті әйелдерді қалалық ауруханаларға орналастырдық. Перзентханадағы ауа айналым жүйесі жөндеуден өтті.

Қажетті сараптама аяқталған соң, жүкті әйелдерді қайтадан сол жерге ауыстырамыз. Перинаталдық орталық жабылмайды. Ол жұмыс істеп жатыр", - деп сендірді Ноғаев.

Сондай-ақ, тоңазытқыштан табылған сәби өліміне байланысты жаппай жұмыстан кету туралы арыз жазған дәрігерлер туралы айтып өтті.

"Қазір төрт дәрігер арызын кері қайтарып алды. 28 дәрігермен түсіндіру жұмысын жүргізудеміз. Оларға кәсіби маман ретінде медицинаға қолдау көрсетіп, жұмысын әрі қарай жалғастыруы керектігін айтып жатырмыз. Қазір ешкім жұмысынан шыққан жоқ", - деді облыс әкімі.

Естеріңізде болса, Атырау облыстық перинаталды орталығының басшысы мен дәрігері жаңа туған нәрестені тоңазытқыш камерасына салып өлтірді деген күдікке ілінген еді.

Осы жағдайдан соң Атырау облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған болатын.

Бұдан кейін істі тексеру үшін арнайы комиссия құрылды

Сонымен қатар Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева қызметінен кетті.

Сондай-ақ, перинаталдық орталықтың 28 дәрігерінің жұмыстан шығу туралы арыз жазып,  өтінішіне қол қойылғаны туралы айтылған болатын. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары