Сегіз бірдей көпқабатты үйдің тұрғындары жаңа құрылыс нысанынан қауіптенуде. Үй салынса, маңайдағы инженерлік желілер шыдамай, жарылып кетеді деп қорқып отыр. Онысы аздай, ауладағы қозғалыс қиындайды екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Біраз уақыт бұрын бұл аула балалардың айқайлаған дауысынан тынбайтын. Қазір құрылыс техникасының шуынан құлағың тұнады. Балабақшаның орнына екі бірдей көп қабатты үй салмақшы екен.
Аман Жанғожин, қала тұрғыны:
«Балабақшалар аз, жатақхана жетіспейді деп. Ал балабақшалар, жатақханалардың бәрін елге таратып, енді міне, дайын тұрған балабақшаны қиратып, орнына жаңадан элитный үй салайын деп жатқан көрінеді. Онымен қоймай, мына заборды кейін жылжытып, машиналардың жүретін жері жоқ».
Айналадағы сегіз үй тұрғындары "көршіміз көбейетін болды" деп қуанудан аулақ. Адам көбейсе, барлығының тынысы тарылуы мүмкін деп отыр. Себебі, жер астындағы коммуникациялар шыдас бермейді дейді. Су, кәріз құбырлары жарылып кетеріне сенімді.
Евгений Цхай, қала тұрғыны:
«Бұл - біздің үй. Мен өзім осы жердің жобасын әзірлеген адаммын. Мұндағы инженерлік желілер тағы бір көпқабатты үйді көтере алмайды».
Мердігерлер бұл болжаммен түбегейлі келіспейді. "Жеті рет өлшеп, бір рет кесіп" жатырмыз дейді. Бірақ, құжат жүзінде көрсете алмай әлек болды.
Евгений Тен, мердігер компанияның өкілі:
«Қарағанды Жарық», «Қарағанды су» мекемелерімен бірлесе отырып, барлығын есептедік. Біз салып жатқан үйден зиян болмайды деді бізге».
Бұл мәселенің тек бір шеті. Құрылысқа қыза кіріскендер аумақты қоршаймыз деп, ауладағы жолдарды әбден қысса керек. Құжат бойынша бәрі дұрыс. Бірақ іс жүзінде басқаша. Оны дәлелдеймін дегендері ара қашықтықты ерінбей өлшеуге кіріскен.
Тұрғындар тым кеш болмай тұрғанда құрылысты тоқтату керек дейді. Әкімдіктің пікіріне құлақ салайық.
Диас Байділдин, қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі төрағасының орынбасары міндетін атқарушы:
«Мердігер компания Мемлекеттік сәулет-құрылысын бақылау басқармасынан рұқсат алмаған. Өздігінен жерді меншіктеп алу дерегіне байланысты тексеру жүргізетін боламыз».
Тұрғындар әкімдіктің тексеруін күтпей, прокуратураға шағым түсіреміз деп отыр. Онысы қабылданса, құрылысқа қатысты құжаттар қайтадан жіті тексерілмек.
Дереккөз: Caravan.kz