Шымкенттегі қонақ үйлердің бірін күзеткен қарауыл өз басшыларының алдында батыл көрініп, мақтау есту үшін өзін пышақтап тастаған деп хабарлайды ОҚО ІІД баспасөз қызметі.
Шымкенттегі қонақ үйлердің біріне жарылғыш заттың муляжын тастап, қарауылын пышақтап кеткендігі туралы ақпарат кеше отандық БАҚ беттерінде жарияланған болатын. Мұнан кейін оңтүстікқазақстандық полицейлер шұғыл іздеу жұмыстарын жүргізіп, күдіктіні ақыры іздеп тапты. Белгілі болғандай, пышақ жарақатын алып, полицейлерге хабар берген қонақ үй қарауылы осынау оқиғаны өзі ұйымдастырған екен. Яғни, алдымен қолдан жарылғыш заттың муляжын жасап, кейін өз денесіне пышақ жарақаттарын салған.
Түсініксіз осынау әрекетін қарауылдың өзі әзер дегенде тәртіп сақшыларына түсіндіріп берді. Оның айтуынша, бозбала күзет компаниясы басшыларының алдында батыл көрініп, олардан мақтау есту үшін өзін пышақтап, қарақшылармен күрескендей әсер қалдырмақ болған. Алайда, оның өтірігі бір тәулікке жетпей ашылып, қазір өзі күдікті ретінде абақтыға жабылды. Ол жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылатын болады.