Нұр-Сұлтан қаласындағы балабақшалардың бірінде тәрбиешінің бүлдіршіндерге дөрекілік танытқаны видеоға түсіп қалды. Ол балаларды жұлқылап, айқайлаған, деп хабарлайды Stan.kz.
Аида Жексен Telegram желісіндегі арнасында балабақшада орын алған оқиғаның видеосын жариялады. Онда тәрбиешінің балаларға айқайлап, жұлқылағаны көрінеді.
Елордалық білім басқармасындағылар Stan.kz-ке оқиғаның қаладағы балабақшалардың бірінде орын алғанын растады. Айтуларынша, мектепке дейінгі білім мекемесінде қызметтік тексеріс жүргізіледі. Ал тәрбиеші жұмысынан уақытша шеттетіліпті.
«Қазіргі уақытта мектепке дейінгі білім мекемесіне білім басқармасынан комиссия жіберілді. Комиссия бейнебақылау камерасынан алынған жазбаның негізінде қызметтік тексеріс жүргізетін болады. Тексеріс нәтижесі бойынша балабақша қызметкері мен басшылығына қатысты тиісті шаралар қабылданады», - дейді Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының стратегия, талдау және цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Жазира Асанова.