Ел ішінде аурушаң бала көбейіп, ұрпақ әлжуаз болып барады. Жүрегі сыр беретін жасөспірімдер жиіледі. Айталық, Алматыда 9-сынып оқушысы спорт залында жаттығу үстінде қайтыс болды, деп хабарлайды "Хабар" агенттігінің жаңалықтар қызметі.
Куәгерлердің айтуынша, жеткіншектің жүрегі қысқан. Қайғылы жағдай Спорт және туризм академиясының баскетбол залында болған. Оқушылар доп қуып ойнап жүрген бетте 15 жастағы бала кенеттен жүрегін ұстап, жерге құлаған. Оқиға барысында 2 бірдей жедел жәрдем бригадасы шақырылыпты. «8 минутта жетсек те, көмектесу мүмкін болмады», – дейді дәрігерлер.
Шайхидин Бадиров, қалалық медициналық жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары: Жаттықтырушысының айтуы бойынша, жаттығу уақытында ес-түссіз құлаған. Жедел жәрдем бригадасы шақырылған. Барлық толыққанды реанимациялық көмек көрсетілді. Өкінішке қарай, науқаста бригада келгенге дейінгі биологиялық өлім анықталды.
Оқушы өлімінен кейін Спорт және туризм академиясының жаттықтырушысы уақытша қызметтен шеттетілген. Қайтыс болған бала – Алматыдағы №94 мектеп-гимназиясының оқушысы. «Ол оқуда озат, ақкөңіл, көпшіл еді», – дейді ұстаздары. Бір үйдің жалғыз баласы екен.
Айгүл Ботабекова, № 94 мектеп-гимназияның директоры: Ешқандай диспансерлік есепте тұрмаған бала. Денсаулығына шағым болмаған. Дене шынықтыру сабағынан да босатылмаған. Осы уақытқа дейін бір ауырып, сабақтан қалған күндері жоқ. Сап-сау жүрген бала. Кеше сабақта болған. Таңертеңгі ауысымда оқиды.
Жалпы жүрек пен ми қан тамырларының бұзылуы аурулары ел ішінде жиі кездеседі. Мәселен, Ақтөбе облысында жыл басынан бері 1200-ден астам науқас дәрігер көмегіне жүгінген. Мамандар бұл дерттің жастар арасында белең алып бара жатқандығын айтып дабыл қағуда. Оған ең алдымен қозғалыстың аздығы себеп көрінеді.
Дон Қожақұлов, инсульт орталығының дәрігері: Енді былай тексеріп қарасақ, бірінішіден, экологияның әсері бар. Содан кейін қозғалыс жоқ. Соның барлығы адамның организміне әсер етеді. Тұқым да қуалайтыны бар. Мысалы, әкесі не мамасының қан қысымы жоғары болуы немесе қант диабетімен ауруы мүмкін. Осы аурулар ата-анадан балаға беріледі.
Мамандар: «Мұндай дерт түрлерінің жастар арасында таралуына қазіргі экологиялық ахуал да себеп болуы мүмкін», – дейді.
Мұсағали Дуамбеков, халықаралық Экология академиясының президенті: Әрине, біз қанша жасырсақ та, экологиялық әсер бар. Ол аймаққа байланысты. Қызылорда өңірінде тұздың және желдің әсері басым. Мұнайдан шыққан газдардың да денсаулыққа зияны біршама. Оны ескеруіміз керек. Оған амал қолдануымыз керек. Қалдықтардың барлығын жойып, белгілі бір экологиялық амал қолдануымыз керек.
Иә, жүрек қан тамырлары ауруларының пайда болуының бірнеше себебі бар. Денсаулыққа жауапкершілікпен қарау әр адамның өз қолында. Ал қыршынынан қиылған жас жеткіншектің нақты неден қайтыс болғанын енді сот-медициналық сараптамасы анықтайтын болады.