Отандық ғалым, профессор Айнаш Науанова құс саңғырығын органикалық тыңайтқыш ретінде өңдеуді жеделдетін биопрепарат ойлап тапты. Қазақстанда бұрын-соңды мұндай биопрепарат болған жоқ, деп хабарлайды SkifNews ақпараттық порталы baribar.kz-ке сілтеме жасап. Ноу-хау қалдықтарды қауіпсіз әрі пайдалы өнімдерді өңдеуге мүмкіндік береді. Енді құс фабрикалары шығын орнына экономикалық пайда көреді.
Биопрепарат екі жыл бойы жасалды. Қазіргі уақытта бірен-саран фабрикалар ғана топырақты байыту үшін құс саңғырығын пайдаланады. Биопрепарат топырақтың құрылымын жақсартады, жаңғыртады. Оның құрамына ең пайдалы микроағзалар кіреді. Олар құс саңғырығын қордалау үдерістерін жеделдетіп қана қоймай, өсімдік қалдықтарын одан әрі ыдыратып, құнарын арттырады. Фитопатоген микроағзаларға қарсы жұмыс істейді. Демек, өсімдіктердің аурулары азайып, өнім ұлғаяды.
Қазіргі уақытта 10 мың тонна құс саңғырығы өңделіп, 4 мың тонна дайын өнім алынды.
Құс шаруашылығы қалдығын кәдеге жарату Қазақстан үшін өзекті мәселе болып отыр. Отандық құс фабрикаларында жиналатын саңғырық мөлшері негізгі өнімнің салмағынан асып кетеді. Бір келі құс етіне шаққанда орташа есеппен 3,4 келі саңғырық болады. Оны қауіптіліктің В класына (+) жатқызады, құрамында инфекциялық аурулар қоздырғыштары, гельминт дернәсілдері бар. Ал қалдықтардағы несеп қышқылы түріндегі азот жылдам ыдырап, аммиак түзіп, топырақты бұзады.