Солтүстік Қазақстан облысында «Мас жүргізуші» жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп, төрт күнде 35 адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, профилактикалық-алдын алу шарасы 7-11 қараша аралығында өтті. Оған 350-ден астам патрульдік және учаскелік полиция инспекторы жұмылдырылды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 102 автопатруль тартылды. Рейдтер тек елді мекендерде ғана емес, сондай-ақ қала сыртындағы жолдарда жүргізілді.
СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматовтың айтуынша, шараның мақсаты - жүргізушілер арасында тәртіп орнатып, жол көлік оқиғаларының алдын алу, сонымен қатар жүргізушілердің көлікке мас күйінде отыруына жол бермеу. Биылғы 10 ай ішінде облыста 1133 адам көлікті мас күйде жүргізгені үшін ұсталды.
Нәтижесінде, төрт күні ішінде жолда жүру ережелерін бұзудың 1821 дерегі анықталды. Көлікті мас күйінде басқарған 35 жүргізуші ұсталды. Жылдамдықты асырған - 171, көлігі техникалық байқаудан өтпеген - 51 және маневр ережелерін бұзған 40 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Ең көп құқықбұзушылық - 250 факті қауіпсіздік белдігін тақпау бойынша тіркелген.
Рейдке шыққан патрульдік полиция қызметкерлері, сонымен қатар қысқы шиналарға уақтылы ауысу қажеттігін ескертіп, жылдамдықты қатаң сақтауға кеңес берді.
Облыстық жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды. Алайда жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтауға бағытталған жұмыс өз жалғасын табады.