Бүгін, 12 қарашада Жаркент қаласындағы Панфилов аудандық сотында Қазақстан - Қытай шекарасынан заңсыз өткен Қытай қазағы Қайша Ақанның ісі бойынша сот басталды.
Сотқа Қайша Ақанның адвокаты Айман Омарова, АҚШ-тың Алматыдағы консулдығының, "Ата жұрт", "Отандас ел" ұйымының өкілдері қатысты.
Қайша Ақанның соттағы сөзіне қарағанда, ол Қазақстан шекарасынан 2018 жылдың 7 мамырында Қорғас кеден бекеті арқылы, көпшілікке ілесе өткен.
2019 жылы тамыз айында ұлттық қауіпсіздік комитетіне өз еркімен барып, шекарадан заңсыз өткені жайлы хабарлаған. Артынша қылмыстық іс қозғалып, сот басталған.
Ол Қазақстанға келген сәтте тағы бір этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың ісі бойынша сот процесін қадағалағанын айтады. Өз тағдырын Сайрагүл Сауытбай тағдырымен ұқсастырады. Оның сөзінше, Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық ауданының полициясы "қайта тәрбиелеу лагеріне" қамалатынын ашық ескерткен. Осыдан кейін Қазақстанға кетуге бел байлап, Қытай шекарасына үш рет келген.
- Қолымда Қазақстанның визасы бола тұра жібермеді. Шетелге шығуға тыйым салынғандар тізіміндесің деп қайтарды. Қазақстаннан пана іздеп келдім. Мені Қытайға қайтармауды сұраймын. Қытайда мені саяси қуғын күтіп тұр,- дейді ол.
Қайша Ақан сот барысында "Қазақстан шекарасынан заңсыз өткенін" мойындап, оған Қытайдағы аз ұлттарға жасалатын қысымнан сескенгендіктен барғанын айтты.
43 жастағы Қайша Ақан Қытайда 70 жастағы шешесі қалғанын айтады. Жалғыз ұлы да бұрын ажырасқан күйеуінің қолында, Қытайда қалған. Қазір Алматы қаласында пәтер жалдап тұрады, тұрақты жұмыс істемейді.
Өзінің айтуынша, қарашаның 11-іне Алматы қалалық көші-қон полициясынан "Пана іздеуші тұлға" құжатын алған.
2018 жылы "Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті" деген айыппен Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың үстінен сот процесі жүрген. Қоғам назарын аударған сот шешімімен Сайрагүл Сауытбай шартты жазамен бостандыққа шығып, кейін Швециядан саяси баспана алып кеткен.
Бұған дейін Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялық аймағында тұратын этникалық қазақтар Қастер Мұсханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстанға "шекарадан заңсыз өткені" туралы ақпарат тараған. Қазір олардың үстінен тергеу процесі жүріп жатыр.
Дереккөз: Азаттық