13.11.2019, 03:32

СҚО-да мұз құрсауында қалып қойған 10 аққу құтқарылды

Кеш ұялаған құстардың қанаты қатаймаған балапандары жылда осындай жағдайға тап болады.

Солтүстік Қазақстан облыстық жануарлар әлемі инпекциясының мамандары мұз құрсауында қалып қойған 10 аққуды аман алып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Кеш ұялаған құстардың қанаты қатаймаған балапандары жылда осындай жағдайға тап болады. Сол себепті де жылы жаққа ұша алмай, жергілікті құтқарушылардың қарауында болады. 

Күн суытып, су қоймаларының бетіне мұз қатты. Ал, қанаты әлсіз аққулар жылы жаққа уақытылы ұшып кете алмай, бүгінде көл ортасын паналауға мәжбүр. Әбден әлсіреген киелі құстарды жануарлар әлемі инпекциясының қызметкерлері құтқарып жатыр. 

Олег Беспалов, облыстық жануарлар әлемі және орман шаруашылығы аймақтық инспекциясының бөлім басшысы: 

- Жабайы құс болған соң оларды бірден ұстап алу оңай емес. Мына су қоймасында әлі 7-8 аққу жүр. Сондықтан күн сайын осында келіп, қадағалап отырамыз. Негізінен бұл жылда қайталанатын көрініс. Ең көбін біз 2012 жылы ұстадық. Онда 30 шақты құсты құтқарып қалдық. 

Бұл жолы мамандар Петропавл маңындағы Соленое көлінен сұлулық нышанына баланған 10 шақты шипун аққуын ұстады. Туғандарына алты айда болмаған қанаттылар солтүстіктің суығына шыдас бермейтіні анық. Сондықтан оларды қалалық жылу электр станциясының техникалық суы жиналатын орынға жіберді. Оның үстіне арнаны бірнеше балық түрі мекендейді. «Табиғи ортаға бейімделген аққулардың бұл жерде алаңсыз қыстап шығуларына барлық жағдай жасалған», - дейді мамандар.  

Самат Қайырденұлы, тілші: 

- Қанаты қатпаған, ұяластарына ілесе алмаған құстар енді осы жерді мекендейді. Өйткені жылу каналдың суы тіпті -40 градуста да қатпайды.

Тегтер: СҚО