Орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының (8-0, 4 КО) болашағы өте зор. Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында ESPN сарапшысы Фернандо Барбоза осындай пікір білдірді.
Өткен демалыста Фреснодағы Chukchansi Park аренасында Әлімханұлы канадалық Альберт Онолуносемен кездескен. Жекпе-жек он раундқа есептелген еді, бірақ алтыншы раундта қазақстандық боксшы қарсыласын нокдаунға, кейін нокаутқа түсірді.
«Бұл жігіттің өнерін тамашалаған ұнайды. Әлімханұлы әр жекпе-жек сайын жетіліп келеді. Әрбір кездесуі қызық өтеді. Тамаша боксшы, тек талантын жетілдіру қажет. Дұрыс жолда деген ойдамын. Бадди МакГиртпен жаттығу жемісін беруде. Оның техникасы мен жұдырықтасу стилі қалай өзгергені байқалады. Бұл үлкен үміт береді. Оған асығып, мықты боксшыларға ұмтылудың қажеті жоқ. Бір-екі жылда ол дивизиондағы белділердің бірі болады», - дейді Барбоза.