13.11.2019, 14:15

«Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов деген азаматты жеккөреміз» - Қайнар Олжай (ФОТО)

фото: gorodpavlodar.kz
«Соншалықты аш жүрген жоқ шығар. Ауылы, ағайыны тамақсыз қалып, Бақауовтың қанжығасына телміріп отырмаған шығар. Бір үйір қаз, бір үйір үйректі атып алғаннан бұлардың бүйрегі майланбаған шығар. Енді ештеңе болмағандай, облыс басқарып отыр».

Бүгін белгілі журналист Қайнар Олжай facebook парақшасына құс атып жүрген бір шәкіртінің суретін жариялады. Оны сол аңшылығына мақтанып, әлеуметтік желіге суретін жүктегені үшін жеккөріп кетіпті. Сондай-ақ, қайықтың ішіне қаз-үйректі толтыра тізіп қойып, суретке түскен Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовты да жақтырмай қалған, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Мына фотода біздің журналист шәкіртіміздің бірі тұр екен. Бас-аяғын қиып тастадық. Өз суретін өзі танитын шығар. Мұншалықты мақтаншақ деп ойламап едік. Елге істеген қызметімен мақтансын. Көптен озған сюжет, телехабарымен мақтансын. Жарлы-жақыбайға жасаған жақсылығымен мақтансын. Өнегелі ұл-қыз тәрбиелегенімен мақтансын. Ал, бейкүнә құсты атып алып, мақтанып тұрғаны үшін бауырымызды жеккөріп кеттік», - дейді Қайнар Олжай.

Еске сала кетсек, ол кісінің өзі де әлеуметтік желіге Ақмола облысының Қорғалжын ауданында ірі шортанмен түскен суретін жариялаған болатын.

Алайда, әуесқойларға балық аулап емес, құс атып жүрген суретін жүктеуге болмайтын сияқты.

«Сол сияқты, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов деген азаматты жеккөреміз. Бізге еш қастық жасаған жоқ. Тіпті, жүздескен жан емес. Ендеше неге жек көреміз? Әлеуметтік желіден екі автомашинаның алдын қаз-үйрекке толтыра тізіп, бірнеше жігіттің ортасында тұрған фотосын көргенбіз. Қаншама қаз-үйректі қырып тастаған. Обал ғой. Соншалықты аш жүрген жоқ шығар. Ауылы, ағайыны тамақсыз қалып, Бақауовтың қанжығасына телміріп отырмаған шығар. Бір үйір қаз, бір үйір үйректі атып алғаннан бұлардың бүйрегі майланбаған шығар. Енді ештеңе болмағандай, облыс басқарып отыр. Рас, әуестігі бар делік. Заңды жолмен атқан делік. Бірақ, жиырма-отыз қаз үйректі қырған кезінде суретке түскен даңғойлығын ұмыта да, кешіре де алар емеспіз», - деп ашынады жазба авторы.

Бұл ретте біздің қоса кетеріміз, БАҚ-та сол Бақауовтың мына бір дәу қабанмен түскен суреті де жарияланған. Аңшылыққа әуестігі барын оның өзі де журналистерден жасырып жүрген жоқ. Бірақ...

фото: caravan.kz

Қайнар әріптесіміз осы жанашыр жазбасын былай түйіндеген: «Қазақта Әуезов те, Мүсірепов те құс атқан. Ғабең оны суреттеп жазады. Бірақ, фотосын көрмедік. Қонаев та атқан. Димекеңнің бірнеше құсты ұстап тұрған фотосы бар. Сол суретке бекер түскен екен жарықтық деп ойлаймыз.

фото: zakon.kz

Жарайды, ол кезде аңшы аз да, құс көп еді. Қазір аңшы көбейіп, құс азайды. Ойлану керек! Құсты қырғанды емес, қорғағанды насихаттау керек. 

Жетпісінші жылдар басында жас ақын Шөмішбай Сариев өлең жазған: «Көсем қаз, жолды бастап түстің бе алға, Бейбіт ел берекесін құштыңдар ма? Жазылмаған жұптарың түгел ме еді, Ұяларың бұзылмай ұштыңдар ма?».

Ақын ағамыз қазір басқаша өлең жазатын шығар: «Көсем қаз, жолды бастап түстің бе алға, Бейбіт ел берекесін құштыңдар ма? Жазылмаған жұптарың Бақауовтың Мылтығына ілінбей ұштыңдар ма?».

Көптен ойда жүрген запыран еді. Мына фотоны көргенде ақтарылып кетті».

Иә, қазір ақын да, қатын да, әкім... қысқасы, әркім «аңшы» атанып жүр. Арнайы рұқсат бойынша белгілі мөлшерде аң-құсын ата берсін-ау, бірақ, сонысын мақтан үшін әлеуметтік желіге жүктеудің өзі көпшілікке «сендер де осылай қыра беріңдер» дегендей жарнама болып кетуі мүмкін. Қайнар Олжайдың жанайқайынан соны ұқтық.

Айтпақшы, сіз аулағандай ірі балықтың да табиғи өсімі тым төмендеп кеткен, Қанеке! Анда-санда олардың сіздегідей суреттерін көріп, аулағымыз келіп тұратыны болмаса, әзірге жасанды тоғандардың асыранды балықтарын қанағат тұтып жүрміз.