Ақтөбеде төбелесте пышақталып, артынша ауруханаға маңында көз жұмған 15 жастағы Мадияр Исмағұлов бүгін жерленді. Полиция оқиғаға қатысы бар күдіктіні қамауға алыпты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Жасөспірімнің жақындары оның дүкенге кетіп, қайта үйіне оралмағандығын айтып отыр. Кейіннен бозбаланың ата-анасы дәрігерлерден ұлдарының алған жарақаттың кесірінен тіл қатпай кеткендігін естіген.
"Мені сыныпта бірге оқитын бала ренжітті, маған балағатты сөздер айтты" деп қыз жігітіне шағымданыпты. Қыздың жігіті болса, жігіттерді жинап, қызын ренжітушімен төбелес шығарған", - деді Ақтөбе облыстық ПД басшысы Атығай Арыстанов.
Жаға жыртыс қызға таластан туындапты. Сыныптасының қылығына, оның айтқан жаман сөздеріне ренжіген қыз, өзінің араласып жүрген жігітіне айтып берген. Қыздың жігіті бір топ баланы жинап, ренжіткен баланы әңгімелесуге шақырған. Алайда олардың текетіресі, оқушылардың жаппай төбелесіне айналыпты. Төбелес кезінде 15 жастағы Мадияр Исмағұлов пышақталған, ал оның айналасында жиналған ұлдар, тіпті, жедел жәрдем де шақыртпаған. Сол жерде болған жоғары сынып оқушылардың бірі өз әкесінің көлігін айдап әкетіп, қансыраған баланы аурухананың ауласына тастап кеткен. Жасөспірім көп қан жоғалтып, тасталған жерде мерт болды. Жаға жыртыс кезінде тағы екі оқушы жараланыпты.
Дәрігерлердің айтуынша, егер медициналық көмек дер кезінде көрсетілгенде, Мадиярдың өмірін сақтап қалуға болатын еді.
Күдікті 17 жасар бозбала көрінеді. Төбелеске қатысқан басқа да оқушылардың үстіне де іс қозғалыпты. Бірақ олардың қанша екенін полиция тіс жарып айтпады.
Бұған дейін оқиға 10 қарашада Заречный-3 ауылында орын алғаны айтылған еді.