Американың әуе күштері Қазақстан қалаларын бомбаламақ болған. Қара тізімге еліміздің 8 ең ірі өндірістік орталығы кіріпті. Жарты ғасыр құпия болып келген мұндай мәліметті АҚШ-тың ұлттық мұрағаты жариялап отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Зымыранмен бомбалау туралы жоспарды Пентагон өткен ғасырдың 50-ші жылдары дайындаған. Құжатта атом бомбасы тасталуы тиіс қала мен стратегиялық обьектілердің сызбасы да бекітілген екен. Нысанаға Кеңес Одағы, Шығыс Еуропа мен Қытай аумағындағы жүздеген шаһар мен кәсіпорындар алыныпты. Тіпті бомба металлургиялық комбинат, қару-жарақ шығаратын зауыт, әскери бөлімдер, ірі кеніштер орналасқан Қазақстан қалаларына да тасталмақ болған. Тізімде Алматы, Балқаш, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Орал, Семей мен Өскемен бар.