15 қарашада Қарағандыда мемлкеттік «Охотзоопром» мекемесінің инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты негізгі сот басталды.
2019 жылы қаңтарда Қарағанды облысында браконьерлер "Охотзоопром" мекемесінің қорықшылары 52 жастағы Ерлан Нұрғалиев пен 58 жастағы Петр Ницыкқа шабуылдаған. Нұрғалиевке оқ тиіп, қаза тапқан. Ал Ницык жарақаттанған.
Істі судья Қайрат Қасымов қарап жатыр. 15 қарашада прокурор Қуаныш Жексенбаев айыптау актісін оқыды. Қамауға алынған үш күдікті – Берік Ахметов, Нұрлан Шүкілдіков және Қайрат Ақшанов сот отырысында «адам өлтірді, адам өлтіруге оқталды және заңсыз киік атты» деген айыптармен келіспейтінін айтты. Ақшанов өздерін ұстамақ болған инспекторға қол жұмсағанын ғана мойындады.
Кепілмен бостандықта жүрген төрт күдікті - Берден Базаров, Батырбек Қайырбеков, Жарасхан Мырзабаев және Айдос Әкімов (олар «заңсыз аңшылық құрды» деп айыпталған) сотта тағылған айыпты жартылай мойындайтынын айтты. Бірақ олар шығын мөлшерімен келіспейді.
Жеті күдікті де – Қызылорда облысының тұрғыны. 32-53 жас арлығында. Айыпталушылардың адвокаттары «Адам өлтіру» бабын «Абайсызда адам өлтіру» бабына ауыстыруды сұрады. Олардың сөзінше, айыпталушылардың адам өлтіру ниеті болмаған. Сот отырысында айыпталушылардың бірі бірнеше жыл полицияда жұмыс істегені, енді бірінің бұрын сотталғаны белгілі болды.
Бұл істе Нұрлан Нұрғалиев (қайтыс болған Ерлан Нұрғалиевтің ағасы) пен Петр Ницык жәбірленуші деп танылған. Олар айыпталушыларға ең қатаң жаза сұрайды. Келесі сот отырысы 26 қараша өтеді.
Айыптау актісіне сай, күдіктілер киік атуға тыйым салынғанын біле тұра аулаған. Қарағанды облысы орман қорғау және жануарлар әлемі инспекциясының дерегінше, 17 киікті атудан келген шығын – 45 млн теңге (шамамен 115 мың доллар)
Осы оқиғалардан соң Қазақстан билігі қорықшыларға жасалатын жағдай жақсаратынын, браконьерлерге жаза күшейетінін айтқан.
Дереккөз: Азаттық