Роттердамдағы Қазақстан мен Нидерланд бокс құрамаларының арасында өткен үшінші матч қазақстандықтардың жеңісімен аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Халықаралық сайыс Эксельсиор стадионында өтті. Нидерланд бокс федерациясы жарысқа біздің елдің құрамасын әлемдегі ең күшті команда ретінде шақырған. Жарыс осы елдегі Қазақстан елшілігінің қолдауымен өтті.
Роттердамның Эксельсиор стадионында нағыз мерекелік шара өтті десе болады. Бокстан әлем, Азия және Еуропа чемпионаттарын талай мәрте жеңіп алған Қазақстан мен Нидерланд боксшылары кездесті. Роттердамның үшінші сериялық матчы сайысына жаттықтырушы Ғалымбек Кенжебаев бастаған ұлттық құрамамыз барды.
Ғалымбек Кенжебаев, бокстан ҚР Ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы:
- Жігіттеріміз 4:2, ал қыздар 1:1 есебімен жеңіп шықты. Мұндай жарыстар өте пайдалы. Әрбір қарсыласымыз Еуропа чемпионаттарының жүлдегерлері. Біз мұнда тәжірибелі бокшыларымызбен бірге жас спортшыларымызды алып келдік. Бұл жарыс үшінші рет өтіп отыр. Нидерланд бұған дейін Куба командасын шақырса, өткен жылы АҚШ құрамасын қабылдаған. Ал биыл біздің елдің боксшыларымен кездесіп отыр.
Жарыс кешін ашқан 57 келідегі Аида Әбікеева мен нидерландтық Мира Мэссинг арасындағы жекпе-жек боксшы қызымыздың жеңісімен аяқталды. Ал әлем чемпионатының жүлдегері Валентина Хальзова 2016 жылғы Олимпиданың күміс жүлдегері Нушка Фонтейннен жеңіліп қалды.
Аида Әбікеева, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:
- Жекпе-жек қиындау болды. Бірақ барлық күш-жігерімді салып жеңіп шықтым. Қазақстан алға. Рахмет.
Ерлер арасындағы алты жекпе-жектің төртеуі біздің спортшылардың жеңісімен аяқталды.
Абылайхан Жүсіпов, Тұрсынбай Құлахмет, Ермахан Жақпеков қарсыластарын есеп айырмасымен ұтса, Азия чемпионатының жүлдегері Талғат Шайкен нидерландтық Сэмми Вагенсфельдті техникалық нокаутқа жіберді. Абылайхан Жүсіпов, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:
- Өте жақсы жекпе-жек болды. Осындай керемет кездесу өтікізіп жатқаны үшін Нидерланд бокс федерациясына алғысымызды білдіреміз. Мұндай жекпе-жектен екі мемлекет те ұтты деп ойлаймын. Бүгінгі жекпе-жегім жақсы өтті. Қарсыласымды бұрыннан білемін. Осыдан 2 жыл бұрын Германияда бокстасқан болатынбыз. Жалпы Ғалым Қалиұлының қоластында жаттығу жасап, жақсы физикалық формаға кіріп жатырмыз.
Қазақстан мен Нидерланд боксшылары бұған дейін де халықаралық турнирлерде кездесіп, біздің құрама жеңіске жетіп келген еді. Ал Роттердамда Қазақстан боксшылары әлемдегі ең мықты спортшылардың бірі деген мәртебесін тағы бір рет мойындата білді.