$ 494.87  520.65  4.91

Таразда 7 сынып оқушысының зорлануына байланысты мектеп инспекторы ішкі істер органдарынан шығарылды

Cанитарлық жабдықтардың болмауы және басқа да мәселелер бойынша Жамбыл облысының Полиция департаментінде арнайы жұмыс тобы құрылған.
Фото: Inbusiness.kz
Фото: Inbusiness.kz

Таразда 7 сынып оқушысының зорлануына байланысты мектеп инспекторы ішкі істер органдарынан шығарылды. Бұл туралы Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев Facebook-парақшасында мәлімдеді.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен мектептерде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі кемшіліктерді анықтау, оның ішінде мектеп инспекторлары мен бейнекамералардың жетіспеушілігі, оқу орындарының аумағында қоршаудың, санитарлық жабдықтардың болмауы және басқа да мәселелер бойынша Жамбыл облысының полиция департаментімен арнайы жұмыс тобы құрылған.

Мектеп жанындағы аумақтарда кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстарды болдырмау бойынша жұмысты күшейту мақсатында күндізгі және кешкі уақытта полиция қызметкерлері мектеп әкімшілігінің өкілдерімен бірлесіп патрульдеу ұйымдастырылыпты.

"Тараз қаласының №6 орта мектебінде орын алған қылмысқа байланысты Тараз қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің бастығына, Тараз қ. ПБ 2-полиция бөлімінің және 2-ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастықтарына, 2-ПБ ювеналдық полиция жұмысын ұйымдастыру жөніндегі аға инспекторына қатаң сөгіс жарияланды, ал мектеп инспекторы ішкі істер органдарынан шығарылды.Кәмелетке толмағандар жасаған және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың алдын алу мен жолын кесу мәселелері менің күнделікті бақылауымда", - деп жазды Оразалиев.

Еске сала кетейік, Таразда 7-сынып оқушысын 38 жастағы ер адамның дәретханада зорлады деген күдікке ілінгенін хабарлаған болатынбыз. Кейін мектеп директоры қызметінен қуылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары