$ 446.49  475.38  4.79

Сириядағы сұмдық: 2 рет тұрмысқа шыққан 13 жастағы қазақстандық қыз босанған

Төрт баласы бар тағы бір қазақстандық әйел "жыныстық қатынасқа мәжбүрлеп жүрмей ме?" деп ұлдары үшін қорқып, жанын шүберекке түйгенін айтады.

Қазақстанда 17 оңалту орталығы Ирактан әкелінетін қазақстандық балаларды қабылдауға дайындалып жатыр. Негізгі міндет - кәмелетке толмағандарға психологиялық көмек көрсету және олардың құжаттарын қалпына келтіру, деп хабарлайды Zakon.kz "Евразия" Бірінші арнасына сілтеме жасап.

"13 жастағы қызды екі рет тұрмысқа берген. Екінші ретінде кәмелеттік жасқа толмаған қыз бала босанған. Яғни, баланың баласы бар. Мұны анасы саналы түрде жасағанын айтады. Өйткені анасы қызын бір жауапты адамға тапсырмаса, оны ұрлап, зорлап, тағы да басқа қиындықтарға душар бола ма деп қорыққан", - дейді "Шанс" аймақтық оңалту орталықтарының жетекшісі Ольга Рыл.

Төрт баласы бар тағы бір қазақстандық әйел "жыныстық қатынасқа мәжбүрлеп жүрмей ме?" деп ұлдары үшін қорқып, жанын шүберекке түйгенін айтады. Көп ұл баланы кісі өлтіруге үйреткен. Әр отбасының көрген өз құйқайы, тартқан өз азабы бар.

Жусан операциясының арқасында Сириядан 600-ге жуық қандасымыз қанды майданнан елге оралды, олардың 407-сі - балалар.

Олардың қалыпты жағдайға оралуы үшін, ең кем дегенде үш жыл қажет дейді мамандар. Бұл үшін Білім министрлігінің бюджетінен 214 миллион теңге бөлінді. Ақша әр облыстағы оңалту орталықтарына таратылды.

"Өмір тек сол ортамен шектелген. Өзіңіз ойлап қараңызшы, егер бала 3, 5, 8 жыл бойы сол арада өмір сүрсе, бала болып бір қызық көріп үлгеруі мүмкін бе? Жоқ, әрине, түк қызық көрген жоқ. Сондықтан біз қазір оларды театрларға, кинотеатрларға, музейлерге апарып, басқа да балаларға арналған түрлі шараларды ұйымдастыруға барынша тырысып жатырмыз. Мұның бәрі олар үшін тың дүние", - дейді Ольга Рыл.

Қазір барлығының құжаттары қалпына келтіріліп жатыр. Жыл соңына дейін 407 баланың барлығы да еліміздің азаматтығына ие болады.

Жақында оңалту орталықтарында Ирактан 2 жастан 13 жасқа дейінгі 10-нан астам бала қабылданады. Олардың арасында жетім балалар мен сотталған қазақстандықтардың балалары да бар.

"Біз Ирак тарапымен келіссөздер жүргізудеміз. Біз сонымен бірге әлеуметтік дайындық жұмысымен айналысудамыз, өйткені келгеннен кейін бұл балалар "Жусан" операциясы кезіндегідей карантинде болады", - деп түсіндірді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Кәдімгі мектепке барар алдында бұл балалар жеке оқытылады, психологтар олармен жұмыс істейді. Әзірге, бұл жұмыс сәтті жүзеге асырылуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары