Англиялық ММА файтері және кикбоксшы Саида Алетаха жекпе-жектен кейін көз жұмған. Бұл туралы Exile Gym Southampton командасының Facebook желісінде хабарланған, деп жазады Vesti.kz.
BBC мәліметінше, 26 жастағы спортшы қыз кикбокс ережесі бойынша Fast and Furious Series турнирінде нокдаунға түсіп, жарақат алған еді. Ислам дінін ұстанатын спортшы басындағы орамалымен жұдырықтасатын. Жекпе-жектен кейін ол ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілді, өкінішке қарай дәрігерлер оны аман алып қала алмады.
Хэмпшир графтігінің полициясы бұл оқиға бойынша іс қозғады. Ал турнир ұйымдастырушылары оның қауіпсіз өтуі үшін барын салғанын мәлімдеген.