Сириялық оппозиционер журналист Наджи әл-Джерф кеше Түркияда атып өлтірілді деп хабарлайды Deutsche Welle. Қанды оқиға Сирия-Түркия шекарасына жақын орналасқан Газиантеп қаласында орын алған.
Бұл ақпаратты Twitter әлеуметтік желідегі парақшасында Raqa Is Being Slaughtered Silently құқық қорғау ұйымы да растады. Аталған ұйыммен әл-Джерф бірге жұмыс істескен.
Журналист «Ислам мемлекетінің» қылмысы туралы фильм түсіріп, оны аяқтаудың сәл алдында болатын. Бұған дейін ол Сириядағы соғыс жайында да деректі фильмдер түсірген. Айта кету керек, әл-Джерф Hentah газетінің бас редакторы.
Жалпы, бұл Түркияда сириялық оппозиционерлерді өлтірудің алғашқы оқиғасы емес. Қазан айында «Ислам мемлекетіне» қарсы көзқарастағы екі белсендіні де түркиялық Шаңлыурфа қаласында белгісіз біреулер бауыздап тастаған болатын.
Ал, 18 желтоқсан күні ИМ өз жақтастарына теледидар көруге қатаң тыйым салды. Топ жетекшілерінің айтуынша, телеарналардан көрсетіліп жатқан қарсы ақпараттық науқан лаңкестік ұйым мүшелерінің көзқарастарын өзгертуі мүмкін.