$ 494.87  520.65  4.91

«Адамның жаны шошырлықтай жазаласа...»: Бекболат Тілеуханов педофилдерге қатысты пікір білдірді

Халық қалаулылары туалеті далада орналасқан 2300 мектептегі кез келген бала осындай қауіпке тап болуы мүмкін дейді.

Педофилдерге кесілетін жаза қатаңдатылмақ. Енді 14 жасқа толмаған балаларды зорлаған қаскүнемдер кемі 20 жылға сотталады немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Президент пәрменінен кейін Бас прокуратура тиісті заңға өзгерістер енгізіп, оны бүгін Мәжіліс депутаттарына таныстырды.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар Тараздағы мектеп әжетханасында оқушы қыздың зорланғанына алаңдаушылық білдірді. Себебі, елімізде туалеті далада орналасқан 2300 мектептегі кез келген бала осындай қауіпке тап болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Елімізде жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қатысты 600-ден астам қылмыс жасалған. Балалар, әсіресе, жыныстық сипаттағы озбырлық әрекеттерге тап болуда. Оларға көбіне азғындықты жақын адамдары - әкесі, өгей әкесі, анасымен бірге тұратын жан, туысы, тіпті, көршісі жасайды екен. Ал құзырлы органдардың есебінде 1350 педофил тіркеуде тұр.

Қазақстанда күн сайын 2 бала зорлық-зомбылыққа душар болса, ал әр тәулік сайын бір баланың ары тапталады екен. Әр өңірде оқушылардың зорланып жатқанын апта құрғатпай еститін халге жеттік. Қабырғасы қатпаған жеткіншектердің арын таптағандар заңның солқылдақтығынан тіпті есіріп барады. Бұған тосқауыл қоюды көздейтін заң жобасын Бас прокуратура әзірлеп, бүгін Мәжіліске әкелді. Құжатта педофилизмді ауыр қылмыстар санатына жатқызу көзделген.

«Балаларға қатысты осындай қылмыстар үшін жаза тіптен қатал болмақ. 14 жасқа толмаған балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін кемі 20 жыл немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылып отыр», - деді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов. 

Тағы бір атап өтерлігі, балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылықты жасырғандар да қатаң жазаланбақ. Яғни, бабалардың зорланғанын біле тұра хабарламағандарды, айғақтарды бұрмалағандарды енді ешкім басынан сипамайды.

«Мысалы, интернатта тәрбиеленіп жатқан балаларға қарсы қылмыстарды тәрбиеші жасырған болса, тиісті жауапкершілік көзделген», - деді Марат Ахметжанов. 

Зорлау мен сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер үшін де жаза күшеймек. Мәселен, жәбірленушіге күш қолданып немесе дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық қатынас жасау орташа ауыр қылмыстан ауыр қылмыстар санатына енеді. Бұрынғыдай татуласуға жол берілмейді. Ал Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин педофилдердің аты-жөнін жасырып, бетпердесін ашып айтпағанның салдарынан қылмыскерлер емін-еркін тайрандап жүргенін айтады. Сондықтан да олардың суреттерін, аты-жөнін әлеуметтік желіде жариялау керек дейді.

"Анонимдік сақталғандықтан, мұндай адамдардың деректері жарияланбай отыр. Мұндайды қоюымыз керек. Менің ойымша, жағдай осылай жалғаса берсе, мұндай қылмыстар көбеймесе, азаймайтын сияқты", - деді Аружан Саин.

Құжатты талқылау барысында мәжілісмендер Тараздағы сұмдық оқиғаға алаңдаушылық білдірді. Тал түсте білім ордасының ауласындағы әжетханада оқушы қыздың зорланғаны талай кемшіліктің бетін ашып бергеніне тоқталды. Ең сорақысы, қылмыскер мектеп айналасында 1 сағат бойы жүрген. Алайда, бейнебақылау камерасынан анық көрінген оған ешкім де назар аудармапты.

Халық қалаулылары туалеті далада орналасқан 2300 мектептегі кез келген бала осындай қауіпке тап болуы мүмкін дейді. Сондықтан мұндай азғындарға ешқандай рақымшылық болмауы керектігін айтады.

«Жақсылап тұрып басын жұлып алушы едім. Жақсылап тұрып жазаласа, адамның жан шошырлықтай жазаласа, келесі адам барар да ойланар еді. Әрине, иттің баласы құтырады», - деді Бекболат Тілеухан.

Таразда болған сұмдық оқиғадан соң 11 адам жауапқа тартылған. Бірнеше адам, соның ішінде облыстық білім басқарамасының басшысы мен мектеп директоры қызметтерінен босатылды. Ал педофилдерге жазаны күшейтуге қатысты заң жобасын Парламент мақұлдап, президент қол қойса, 2020 жылдан бастап күшіне еңбек.   

Дереккөз: "Алаш айнасы"

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары