Қазақстанда БАҚ-ты тұншықтырған Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин. Дәлірек айтқанда, президент әкімшілігін басқарған тұста. Мұндай мәлімдемені президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Арман Шораев жасады, деп жазады Zhasalahs.kz.
«Қазір парламентте демократиялық құндылықтар туралы айтып, жемқорлықпен «күресіп» жүрген Нығматулин мырза тәуелсіз БАҚ-ты тұншықтырған. Сондықтан да дәстүрлі БАҚ-қа ел сенбейді», - деді Шораев Стратегиялық бастамашылар форумында.
kz.media интернет басылымының хабарлауынша, бұл жиында халықтың билік институттарына деген сенімі жайлы сөз қозғалған. Мәселен, «бұқаралық ақпарат құралдарына сенесіз бе?» деген сауалнамаға қатысқандардың 35%-ы ғана «иә» деп жауап берген де, 65%-ы сенбейтіндіктерін білдірген. Арман Шораевтың пікірінше, қазір елде тәуелсіз БАҚ қалмаған. Оған кінәлі - билікте отырғандар.
«Менің ойымша, билік өз басына өзі проблема жасап алды. Жемқорлықпен күресейік дейді. Ол үшін бірінші кезекте тәуелсіз БАҚ керек. Тәуелсіз журналистердің зерттеу материалдары қажет. Бізде бәріне тыйым салып тастаған», - деді Арман Шораев.
Медиаменеджердің пікірінше, жағдай өзгермейінше, күн санап БАҚ-қа деген сенімсіздік арта бермек.
«Қазақстанда мемлекеттік телеарна, радио, газет, сайт деген болмауы керек. БАҚ тек жекелердің қолында болуы тиіс. Мемлекеттік тапсырыс БАҚ үшін есірткі тәрізді. Одан бас тарту мүмкін емес», - деп ойын қортындылаған Шораев мырза.