Жамбыл облысында 21 жыл бұрын жасалған қылмыс ашылды. Өткен ғасырдың соңында жоғалып кеткен Мойынқұм ауданы тұрғынының денесі ауылдасының ауласынан табылған, деп жазады КТК телеарнасы.
Қаскөй қылмысын жасыру үшін мәйітті терең көміп, үстіне бастырма тұрғызып қойыпты. Ал із-түзсіз кеткен кісінің жақындары кінәлілер қатаң жазаға тартылсын деп отыр. Қанды оқиға қалай болған және құпия қалай ашылды?
Орман шаруашылығының инспекторы боп істеген Кеңесхан Мәдіханов 49 жасында жұмысқа кетіп, қайта оралмаған. Іздеу салған жақындарының бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Бірақ сол күйі табылмай, арада бес жылдан соң іс жабылып тынған. Ал өткен жылы үміті мүлдем үзілер шақта Кеңесханның кісі қолынан қаза тапқаны жөнінде қауесет шығады. Күйеуіне ренжіген ауылдас әйел жолдасының кісі өліміне қатысы барын ағасына айтып қойған.
Қасымхан Шүңіреков, К.Мәдіхановтың інісі:
- Ерлізайыптылар үйінде жанжал болғанда, күйеуі айтып қойған ғой, соны әйелі ағасына айтады. «Күйеуім адам өлтіріп қойған, ол мені де өлтіруі мүмкін» деп.
Бұны естіген адам қазір өмірде жоқ. Бірақ өлер шағында марқұмның туыстарына болған жайды айтып кеткен. Содан кейін қайта тергеу басталып, күдікті анықталды.
Төрт адам бас қосқан көңілді отырыстың соңы жанжалға ұласқан. Сөзге келген сол кездегі жол полиция қызметкері Кеңесханды атып өлтіріпті. Ал қылмысын жасыру үшін мәйітті аулаға көміп, қабірдің үстіне сәкі орнатып қойған.
Қасымхан Шүңіреков, К. Мәдіхановтың інісі:
- «Ештай мойындапты» деп естідік. Есігінің алдына барып, үйінің бұрышына көмген жерін көрдік. Полицейлер өздері барып қазып алды. Қазір сүйегін мәйітханаға жіберді.
Қылмысқа қатысы бар үш адамның бірі ұзақ жылдан кейін құпияны ашқан. Бірақ кінәні экс-полицей өз мойнына алса керек. Қолын қанға бояған азамат қазір 61 жаста, орман шаруашылығының қызметкері. Ал полицейлер бұрынғы әріптестеріне қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді.
Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ПД баспасөз хатшысы:
- Күдікті түсініктемесінде аталған жағдайдың достарымен ішімдік ішіп, ерегесіп қалғаннан болған деп мәлімдеді. Ерегіс кезінде күдікті «ИЖ» маркалы 12калибрлі қарудан оқ атып, ер адам оқиға орнында ажал құшады. Тергеу жұмыстарының барысында күдіктінің көрсетуімен үйінің ауласынан жерленген мәйіттің қалдықтары табылды.
Жәбірленуші тарап бұл жағдайдан соң әлі есін жия алмай жүр. Олар өзі өлтіріп алып, түк болмағандай жүрген көршісі мен оның екі сыбайласын қатаң жазаға тартуды талап етеді.
Көзі тірі болғанда биыл 70 жасқа толатын марқұмның денесі Таразға сараптамаға жіберілді. Кеңесхан Мәдіхановтың жақындары мәйітті алдырып, 21 жылдан соң аруағына құран бағыштап, арулап жерлегісі келеді.