Халық арасында кейде «әкімдер, әсіресе, облыс әкімдері үлде мен бүлдеге оранып, жарты патшаларша өмір сүреді» деген пікір кездесіп қалады. Олар хан сарайындай үйлерде тұрады, ауласы толған көлік дейтіндер көп. Алайда, ескі көлікпен жүреді, тіпті, пәтер жалдап та тұратын әкімдер бар екен, деп хабарлайды 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасы.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов облыс басшыларына арнап салынған қызметтік баспаналардың бірінде тұрады екен. Мұндай үйге ең бірінші 1997 жылдан 2003 жылға дейін облыс әкімі болған Виталий Метте ие болыпты. Ең қызығы, қызметтік баспана Швейцарияға қашып кеткен Виктор Храпуновқа да пана болған көрінеді. Десек те, мемлекет тарапынан берілген аумағы бірнеше шаршы метр болатын үйдің айналасын күтіп, баптауға қанша кететіні беймәлім. Ал облыстық әкімдікке жіберілген ресми хатқа келген жауап тым аз.
"Заңмен реттелген арнайы талаптар бар. 75-бапта көрсетілген талаптардың барлығына сәйкес келеді. Облыстық бюджетті бұл қызметтік үйдің күтіміне ешқандай ақша бөлінбейді", - деді ШҚО әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Базарова .
Ал облыстық әкім Даниал Ахметов қара түсті Lexus LS-460 маркалы автокөлігінің иесі екен. Баспасөз хатшысының айтуынша, әкім бұл көлікті тек қала ішіне мінеді, ал таулы аймақтағы аудандарды аралағанда жол талғамайтын көлікке отырады.
Қыркүйек айында ғана Қарағанды облысына әкім болып келген Жеңіс Қасымбек те бұған дейін басшылық қызмет атқарған Нұрмұхамбет Әбдібеков пен Ерлан Қошанов мінген 2016 жылғы Mercedes S class көлігімен жүр екен. Әкімдік мәліметінше, Жеңіс Қасымбек тұратын пәтерақысын өз қалтасынан төлейді. Өйткені, Қарағандыда шығыстағыдай облыс басшыларына арнап салынған үй жоқ.
"Тұрғын үй қорында қызметтік үй болмағандықтан, облыс әкіміне қызметтік баспана берілген жоқ. Қазіргі уақытта облыс басшысы үйді жалдап тұрып жатыр. Үйге кететін шығынды өзінің жеке қаражатынан төлейді", - деді Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Сымбат Қуанышева.
Ақтөбенің әкімі Оңдасын Оразалин қызметтік көлік мінгенімен, өзінің жеке үйінде тұратын болып шықты. Әкімдік үйдің қанша шаршы метр екендігін білмейтін көрінеді. Дегенмен, әкімнің коммуналдық шығындарды басшы өз қалтасынан төлейтіндігін жеткізді. Ал астындағы көлігі салоннан шыққан су жаңа болмаса да маркасы - Mercedes S class. Әкімдік қымбат әрі жайлы бұл көлікті осыдан 10 жыл бұрын сатып алғандықтарын айтты. Бұл қызметтік көлікке Архимед Мұхамбетов, Елеусін Сағындықов, Бердібек Сапарбаев мырзалар да мінген.
Демократиялы елдерде президенттің жолаушылар ұшағымен ұшуы, Марсельдің супермаркеттерден өзі-ақ сауда жасауы, қала мэрлерінің жұмысқа автобуспен немесе велосипедпен қатынауы қалыпты жағдай. Ал біздің елде бұндай қарапайымдылық пен жариялыққа мәдениет жетпейтін сияқты.
Мәселен, кезінде Ахметжан Есімов әйелінің үйінде тұрамын деп елді шалқасынан түсірсе, батыстық басшылар көліктен бас тартпақ та болды. Бірақ, Шымкенттің әкімі болған Ғабидолла Әбдірахымовтың велосипедпен жүргені "пиардан" аспады. Ал Бауыржан Байбек велосипедке ауызша ғана мінді. Соған қарағанда, демократия елінде оқығандардың бәріне бірдей демократия "сіңе бермейтін" көрінеді.