22.11.2019, 21:29

Алматыда оқушыға пышақ ала жүгірген адам аула сыпырушы боп шықты

Фото: almaty.tv
Қамауға алынған күдікті өзіне тағылған айыппен мүлдем келіспей отыр.

Алматыда мектеп оқушысына пышақ ала жүгірді деген күдікке ілінген азамат ұсталды. Ол 50 жастағы аула сыпырушы болып шықты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Қамауға алынған күдікті өзіне тағылған айыппен мүлдем келіспей отыр. Оның айтуынша, сол күні ол мас күйінде дүкенге бара жатып, дәл қыздың қасынан өте бергенде қалтасынан ұялы телефонын алмақшы болыпты. Алайда оның бұл әрекетінен мектеп оқушысы шошып, қаша жөнелген көрінеді. Қазір күдіктінің  айтқанын тергеушілер тексеріп жатыр. Оқушы мен ұсталған азамат беттесіп, қыз өзіне шабуыл жасамақ болды деген азаматты бірден таныған. 

Осыдан екі күн бұрын «Орбита» ықшамауданында 12 жастағы оқушы өзіне белгісіз біреудің пышақ ала жүгіргенін айтқан. Кейін ата-аналар баласын мектепке жалғыз жіберуден қорқып, іске полиция араласқан.   

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалалық ПД ресми өкілі: 

- Міндетті түрде оның айтқаны тексеріледі. Дәйекті заттар жиналып, бейнекамералардың жазбалары тексерілетін болады. 

Тегтер: Алматы