Қызылордада автобус аялдамасында көлік қағып кетіп көз жұмғандардың отбасыларына көмек көрсетіледі. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз Нұр-Сұлтанға ұшып бара жатқан кезде осындай қайғылы оқиға тіркелді. Көлік тізгініне ие бола алмаған жүргізуші аялдамаға соғылып, сонда тұрған бес адамды қағып кетті. Оқиға орнында үш адам қайтыс болып, бір адам ауруханада жан тапсырды. Мен өз атымнан көңіл айтып, жағдайын біліп қайту үшін орынбасарларым мен әкім аппаратының басшысын жібердім. Біз туыстарына міндетті түрде материалдық көмек көрсетеміз. Қиын жағдайда адамдар бір-біріне қол ұшын созуы керек», - деді Қуанышбек Ысқақов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, апатқа кінәлі жүргізушіге қатысты құқық қорғау органдары іс жүргізіп жатыр.
Естеріңізге сала кетелік, жол апаты кеше сағат 09.15 шамасында Назарбаев даңғылы бойында болған. «Тойота Камри» маркалы автокөлігі «Mercedes-Benz» көлігін сол қапталынан келіп соққан. Салдарынан «Тойота Камри» жүргізушісі көлігінің тізгініне ие бола алмай, автобус аялдамасында тұрған адамдарды басыпкеткен.
Оқиғадан зардап шеккен 10 жасар бала мен 31 жастағы әйел балалар және қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Айбек Мырзағұлов екеуінің де жағдайы өте ауыр екенін айтқан болатын болатын.
Көз жұмған үш оқушы да Қызылорда қаласындағы №12 орта мектепте білім алған. Нұрислам Заурбек пен Нұрдәулет Кенжебай аталған мектептің бесінші сыныбында оқыса, Кәусар Зауырбек үшінші сыныпта оқыған.
Кейін жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шеккен тағы бір адамның көз жұмғаны хабарланды.