Алматы әділет департаменті Бостандық ауданының сот актілерін орындау жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы екі миллион теңге көлемінде пара алу бойынша күдікке ілінді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәлім еткендей, шенеунік компаниялардың бірінің директорынан заңсыз ақшалай сыйақы алған деп күдіктелуде.
Бұл сыйақы үшін күдікті фирма директорының мүлкін тұтқындамауы, сондай-ақ сот актісінің орындалмағанын ішкі істер органдарына хабарламауы тиіс болған.
Кінәсін толық мойындап, сотқа дейінгі тергеуді жеңілдетілген тәртіпте жүргізуді сұрауына байланысты шенеуніктің қамауға алынбағанын айта кету керек.
Бұған дейін пара алмақ болған жамбылдық майордың әрекеті видеоға түсіп қалғанын хабарлағанбыз.
Жамбыл облысында Рысқұлов ауданы қорғаныс ісі бөлімінің басшысы, майор 35 мың теңге пара алған деген күдікке ілінді.
Алдын-ала мәлімет бойынша, оған параны әскери билет пен әскери есепте тұрғаны туралы анықтама алу үшін берген.
"Процессуалдық ұстау күдіктінің және қорғаушының жеделдетілген сотқа дейінгі тергеуді сұрауына және келу міндеттемесіне байланысты қолданылмады. Күдіктіге қатысты оның кінәсінің дәрежесін анықтай отырып, түпкілікті шешімді сот қабылдайды", - делінген Сыбайлас-жемқорлыққа қарсы қызмет таратқан хабарламада.