$ 443.85  474.3  4.8

Нұр-Сұлтанда мешіт алдында "садақа сұраған" адамдарға айыппұл салынды

Полиция оларды "қоғамдық орын ережесін бұзды" (Әкімшілік кодексте "Қоғамдық орында тиісу" деп көрсетілген) деп айыптады.
Фото: azattyq.org
Фото: azattyq.org

22 қарашада Нұр-Сұлтан қаласының Алматы аудандық полиция бөлімшесі мешіт алдында "садақа сұраған" азаматтық белсенді Санавар Закирова мен онымен бірге ұсталған Любовь Бейсембаева, Зинагүл Құтмамбетова және Гүлнар Оразғұловаға әрқайсысына 12 625 теңге (32 доллар) көлемінде айыппұл салд,-деп хабарлайды Азаттық радиосы. Полиция оларды "қоғамдық орын ережесін бұзды" (Әкімшілік кодексте "Қоғамдық орында тиісу" деп көрсетілген) деп айыптады.

22 қарашада күндіз жұма намазы уақытында Нұр-Сұлтандағы "Хазірет Сұлтан" мешітінің алдында Санавар Закирова бастаған бірнеше әйел "ақша жинау" акциясын өткізген. Белсенділердің айтуынша, олар бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын партия мүшелерінің шағымы бойынша өздеріне салынған өтемақыны төлеу үшін "садақа сұраған". Мешіт алдында ақша жинап тұрған кезде арнайы жасақ өкілдері мен полиция келіп, төрт әйелді ұстап әкетті. Белсенділердің айтуынша, бір сағатқа жуық уақыт ішінде олар 80 мың теңгеден астам ақша жинаған.

Закирова Азаттық тілшісіне телефон арқылы шешімді апелляцияға беретінін айтты.

18 қарашада Алматы қаласының Жетісу аудандық соты моральдық шығынның өтемақысы ретінде азаматтық белсенділер Санавар Закирова, Әлнұр Ильяшев және Марат Тұрымбетовті "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесіне әрбіріне бір жарым миллион теңгеден (шамамен 3875 доллар) ортақтасып төлеуді міндеттеген. Сот шешімі күшіне енген жағдайда жауапкерлер "Нұр Отан" партиясына сот шығыны үшін 60 мың теңгеге жуық ақша төлеуі тиіс.

Сот сонымен бірге үш белсендіні Facebook-тағы парақшаларында "Нұр Отан" партия құруға кедергі жасады" деген мазмұндағы жазбаларын терістеуді де міндеттеген. Жауапкерлер соттан талап арызды қанағаттандырудан толық көлемде бас тартуын сұраған.

"Нұр Отан" мүшелерінің сотқа шағымдануына әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында белсенділер жариялаған жазбалар түрткі болған. "Нұр Отан" өкілдерінің айтуынша, бұл жазбаларда Закирова, Ильяшев және Тұрымбетов "шындыққа сәйкес емес ақпарат" таратқан.

Биыл көктемде белсенді Санавар Закирова "Наше право" партиясын құру және құрылтайын өткізу туралы бастама көтеріп, ақпарат жариялағалы бері түрлі кедергілерге тап болғанын мәлімдеген еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары