$ 444.22  476.38  4.82

Отандасымыз Дональд Трамптың мәртебелі мейманы болды (ВИДЕО)

Ол Құрама Штаттарда белді спорт түрі саналатын гольфты шебер ойнап, көзге түскен. Отандасымыз Стэнфорд университетінің гольфшылар командасында ұлттық университеттік спорт қауымдастығының чемпионы атанды.

Қазақстандық Дәулет Төлеубаев АҚШ президенті Дональд Трамптың мәртебелі мейманы болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол Құрама Штаттарда белді спорт түрі саналатын гольфты шебер ойнап, көзге түскен. Отандасымыз Стэнфорд университетінің гольфшылар командасында ұлттық университеттік спорт қауымдастығының чемпионы атанды. Бұл қауымдастыққа АҚШ пен Канаданың ЖОО мен колледждері мүше.

Дональд Трамптың гольф алаңында өткізетін уақыты америкалық баспасөзде жиі талқыланады. Қазір оның 20 шақты жеке алаңы бар. Осы бір спорт түріне жанашырлық танытатын президент елдегі ойын барысын жіті бақылап отырады. Бұл жолы Ақ үй басшысы Стэнфорд университеті командасының жарқын жеңісіне тәнті болды. Ал ойыншылардың он екі жылдан кейін Ұлттық университеттік спорт қауымдастығының чемпионы атануына қазақстандық Дәулет Төлеубаев себепкер болды.

Дәулет Төлеубаев, Стэнфорд университетінің студенті, NCAA чемпионы: - Бұл Америка колледждері арасында өткен турнир еді. Мен командамыздағы бес гольфшының бірі болдым. Төрт күндік ойыннан кейін біз 1:1 матчына көшеміз. Жартылай финал менің соңғы матчым болды. Біз есепті 2/2 етіп, теңестірдік. Соңғы сәтте мен командама жеңіс сыйлап, ақтық сынға жолдама алдық. Сөйтіп, біз жеңіп кеттік. Әрине, бұл менің ғана жеңісім емес. Командамыздың әр мүшесі өз үлесін қосты. Бірақ мен көмектестім. Ол рас.

Дәулеттің спорт пен оқудағы жетістіктеріне әлемнің белді университеттері назар аударған. Гарвард, Принстон сияқты ондаған ЖОО оны оқуға шақырады. Бірақ жерлесіміздің таңдауы Стэнфордқа түсті. Осы америкалық қауымдастықтың алғашқы дивизионында өнер көрсететін алғашқы қазақ спортшысы енді осы команданың мүшесі. Кезінде бұл құрамда әйгілі Тайгер Вудс ойнаған.

Дәулет Төлеубаев, Стэнфорд университетінің студенті, NCAA чемпионы: - Еліміздің атын осылай шығарғаныма қуаныштымын. Негізі Қазақстанда бұл спорт түрі дамып келеді. Еліміз жас қой. Ал Америкада гольф бұрыннан бар. Біздің алаңдар жасақталып, жас гольфшылар көбейеді деген үміттемін.

Қазақстанда енді ғана дамып келе жатқан гольф ойыны бір қарағанда оңай болып көрінгенімен, техникалық тұрғыда ауыр саналады. Жаттықтырушысы Дәулеттің ептілігін ерекше атап өтті. Ол өзінің қырағылығы арқасында командасын сақтап қалатын қырымен ерекше.

Конрад Рэй, Стэнфорд университеті гольф командасының жаттықтырушысы: - Дәулет өте еңбекқор. Ол Стэнфорд сияқты әлемдік деңгейдегі оқу орнында білім ала жүріп, өзін жан-жақты көрсетіп келеді. Қазақстанның өкілі біздің құрметті студенттеріміздің бірі. Оның әлеуеті зор. Президент Дональд Трамп та қауырт жұмысына қарамастан, уақытын спортқа, командалар мен жеңімпаздарға бөліп отыр. Өзі де гольфшы ғой. Бұл бізді байланыстырады.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары