Қарағанды облысы Теміртау қаласында 9 жасар Владислав Шеллер жоғалып кетті деп хабарлайды Tengrinews.kz. Туыстарының айтуынша, жеткіншек 29 желтоқсан күні сағат 14:30 үйінен шығып, әжесіне бармақ болған. Алайда, көздеген жеріне де, кері үйіне де сол күйі оралмаған.
Владиславты соңғы рет Теміртаудағы "Комсомолец" кинотеатрының маңынан көргендер бар. Оның үстінде сұр түсті куртка, қара шалбар, көк түсті жазулары бар қара бас киім болған.
"Кеше ата-анасы мен апайы оны Теміртаудағы барлық ауладан іздеп шықты, бірақ нәтижесіз. Владик әңгімешіл, тіл табысқыш болғанымен, танымайтын адамдармен сөйлеспейді. Інім тезірек табылып, Жаңа жылды бірге қарсы аламыз деген сенімдемін" дейді жоғалған баланың әпкесі Илона Шеллер.
Қазіргі таңда оқушы баланы полициямен бірге еріктілер де іздестіріп жатыр. Олар көшелерге іздеу салынған парақшаларды іліп, қаланың маңайын тінтіп жүр.